Прокуратура Жаңаөзенде болған жарылыстың себебін атады
Маңғыстау облыстық прокуратурасы Жаңаөзенде екі қабатты үйде болған жарылыстың себебін мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.media.
Облыстық прокуратураның мәліметінде он екі пәтерлі үйдегі жарылысқа газдың ауаға тарауы себеп болған.
17 сәуір күні сағат 04:05 шамасында Жаңаөзен қаласы, Шұғыла шағын ауданында орналасқан 2 қабатты үйде газдың ауаға тарауы себебінен жарылыс болды. Осы дерек бойынша Маңғыстау облысы бойынша ТЖД-мен ҚР ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды”, деді Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Қазір аталған іс бойынша облыс прокуратурасымен процестік прокурорлар тобы айқындалып, облыстық ТЖД және ПД басшыларының бірлескен бұйрығы негізінде ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру облыс прокуратурасының бақылауына алынып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Жаңаөзен қаласында болған жарылыс туралы жазған едік. Кейін оқиғадан төрт адам қайтыс болып, оннан астамның зардап шеккені белгілі болды. Апатқа байланысты "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ пәтерінен айрылған тұрғындарға баспана беретінін мәлімдеді. Ал облыс әкімі оқиға орнына барып, апаттың мән-жайы анықталатынын атады.