Жаңаөзенде жарылыс болған үйге сараптама жүргізіледі
Жаңаөзенде жарылыс болған үй аумағында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі үйінділерді шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр, Arbat.media.
Тазалау жұмыстарынан кейін апат орын алған үйдің жағдайына бағалау жүргізілмек.
1977 жылы салынған үй бір кіреберіс орталықтандырылған газбен қамтылған. Ғимарат апаттық жағдайдағы тұрғын үй тізімінде емес. Жалпы ауданы 621 шаршы метрді құрайды. Қазір үйінділерді сұрыптап, тексеріп жатырмыз. Одан кейін сараптама жүргізіліп, тұрғын үйді қалпына келтіруге бола ма, жоқ па, соны көрсетеміз, - деді Жаңаөзен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары.
Жарылыстан зардап шеккен жақын маңдағы үйлерді жөндеу жұмыстарына жаңаөзендік кәсіпорындар атсалысады. Бұл жайт комиссияның жұмыс отырысынан кейін анықталмақ.
Жаңаөзенде болған жарылыстан кейін тексеру жұмыстарын жүргізген облыстық прокуратура апаттың себебін атады. Бұған дейін Жаңаөзен қаласында болған жарылыс туралы жазған едік. Кейін оқиғадан төрт адам қайтыс болып, оннан астамның зардап шеккені белгілі болды. Апатқа байланысты "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ пәтерінен айрылған тұрғындарға баспана беретінін мәлімдеді.