Алматыда “синтетика” өндіруге арналған 72 тонна прекурсор тәркіленді
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті өндірістік ауқымда синтетикалық есірткі шығару үшін елге прекурсорлар жеткізуді жолға қойған Қазақстан мен шетел азаматтарынан құралған трансұлттық қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, – деп хабарлайды Arbat.media.
Polisia.kz-тің жазуынша, жедел уәкілдер зертханада синтетикалық препараттарды өндіру үшін қолданылатын прекурсорларды жеткізу арналарын анықтау бойынша арнайы операциялар жүргізген. Топтың әрбір мүшесінің рөлін және басқа адамдардың қатысуын анықтау үшін “арнайы жүк” бүкіл маршрут бойы бақылауда болды. Оған әуе арқылы барлау да қолданылды.
Өткен жылдың қазан айында арнайы операцияның бастапқы кезеңінде, сондай-ақ ағымдағы жылдың наурыз айында прекурсорлардың контрабандасына қатысқан үш шетелдік азамат елден тыс жерлерде ұсталды. Операцияның соңғы кезеңінде 21 наурыз күні Алматыда осы іс бойынша қалған фигуранттар – көршілес елдердің екі азаматы және қазақстандық құрықталды, - деп жазды ІІМ баспасөз қызметі.
Олардан әртүрлі салмақта мефедрон, шетелдік полиция қызметкерінің жалған куәлігі, зип-пакеттер, электрондық таразылар, Калашников автоматының 7,62 мм калибрлі патрондары тәркіленіп отыр. Қоймаларды тінту барысында ІІМ және Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері синтетикалық есірткілерді дайындау үшін қолданылатын прекурсорларды, сондай-ақ екі реакторды, яғни синтетикалық есірткілерді дайындауға арналған арнайы зертханалық жабдықты анықтады.
Тәркіленген прекурсорлардың жалпы көлемі 72,7 тоннаны құрады. Осылайша 8 тонна синтетикалық есірткі өндірудің жолын кесті. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. ІІМ синтетикалық есірткі өндірілгенге дейін прекурсорларды жою жұмысын жалғастыру үстінде.