Түркістан облысында полиция басшысының әріптестерін ұрған бейнежазбасы жария болды
Түркістан облысында аудандық полиция бөлімінің басшысының шектен шыққан әрекеті қызметкерлерге күн көрсетпей отыр. Жұмыста жаздық киіммен жүретін басшының әрекетіне шағым айтушылар көбейген, деп хабарлайды arbat.media.
Белгілі блогер Айгүл Орынбек Қазығұрт аудандық ПБ басшының "киллерге" айналғанын жазды. Аудандық полиция басшысы үнемі үстінен үйдегі киімін тастамайтын болса керек.
«Қазығұрт полициясындағы “Киллер” басшы! Әріптестері “Жұмыста үнемі шорти, майкімен жүреді» деп айтып отыр. Бұған тексеру жүргізу керек. Бөлімдегі жеке құрамнан сұрасаңыз бәрін айтып береді. Қызметкерлер "Ақша жинаудан, таяқ жеуден шаршадық" деп отыр", - деді Айгүл Блогер.
Бейнежазбада аудандық полиция бөлімінің басшысы ғимарат дәлізінде ерсі киіммен жүргені анық көрінеді. Жолда кездескен полиция қызметкерлерін ұрып, тіпті, кейбірінің одан қашқаны байқалды. Аудандық полицияны өзінің жеке мүлкі секілді көрген басшының шектен шыққан әрекетіне блогер тосқауыл қою керек деп мәселе көтерген.
«Дұрыс, жігіттер! Үндемей отырмаңдар, шығып айтыңдар! Білем, жоғарыдағылардың құлақтары керең! Мәселені маған айтыңдар. “ Әділетті Қазақстанды” бірге құрамыз!», - деді блогер фейсбуктегі жазбасында.
Түркістан облыстық полиция департаменті аталған жағдайға байланысты тексеру басталғанын мәлімдеді.
"Түркістан облысы Полиция департаменті басшысының тапсырмасымен шұғыл түрде арнайы комиссия құрылып, Қазығұрт АПБ-да тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Комиссия құрамында Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы және тағы да басқа тиісті мамандар бар. Тиянақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, заңды шешім қабылданатын болады. Бұл жайт департамент бастығы М.Қабденовтің бақылауында", - деді облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.