Серік Күдебаев уақытша ұстау изоляторына қамалды
Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Arbat.media.
Наурыз айында шекараның таулы аймағы арқылы Қырғызстанға өтіп, одан әрі Түркияға аттанған Серік Күдебаевтың ұсталғанын Бас прокуратура мәлімдеген еді. Енді Алматы облысының бұрынғы бас полицейі қамауға алынып отыр.
"Ол 2022 жылдың қаңтарында болған оқиғалар кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны және азаптау үшін айыпталды. Сот талқылауы кезінде С.М. Күдебаев өзіне қатысты қолданылған бұлтартпау шарасын бұзып, соттан жалтарып кеткен, сол себепті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен мемлекетаралық іздеуге жарияланды", деді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Бұған дейін Алматы облыстық ПД басшысы болған Серік Күдебаевтың Қырғызстан арқылы бой тасағаланы белгілі болды. Халықаралық іздеу жариялаған ол Қаңтар оқиғасында жұмыс орнын тастап кеткені үшін айыпты деп танылып, кейін оған қатысты сот отырысы бірнеше рет өткен. Мемлекеттік айыптаушы Серік Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Алайда ПД бұрынғы басшысы денсаулығына байланысты ауруханаға жатқызылған болатын.