Placeholder
Фото: inbusiness.kz
Новости Казахстана18 апреля 2023, 16:48

Сенатор әскер туралы: бірі мүгедек болады, бірін табытпен қарсы алып жатады

Сенатта өткен комитет отырысында Сенатор Геннадий Шиповских әскери салада қайталанып жатқан жағдайларды анықтап, Бас әскери прокурордың бірінші орынбасарын әрекет етуді сұрады, деп хабарлайды Arbat.media.

Сенатор сұрақтарын бас әскери прокурордың бірінші орынбасары, әділет подполковнигі Мақсат Қазиевке қойды.

Шындықты айтайықшы, қазір (әскер - ред.) азғындықтың ордасына айналып кетті десек артық болмас. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда қаншама қыршын жастарымыз кетіп жатыр. Аман-сау барып, аман емес қайтып жатқандар қаншама. Өзіңіздің баяндамаңызда қаншама мәлімет бердіңіз. Дегенмен мен сіздердің естеріңізге сала кетейін. Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы әскери қызметкерлердің арасындағы жарғылық емес қатынасты жоюға қатысты комиссия құрған болатын. Алайда ол комиссия менің ойымша, нақты, жемісті жұмыстар атқармады. Қазақша айтқанда, «айдағандарыңыз бес ешкі, ысқырықтарыңыз жер жарады». Қаншама жағдайлар қайталанып жатыр. Осы мәселе бойынша, сіздер нақты қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?, – деп сұрады сенатор.

Сенатор тарапынан медициналық комиссияға қатысты да сұрақ қойылды.

Екінші мәселе, медициналық комиссияға байланысты. Менің ойымша, сіз Бас әскери прокуратураның өкілі болғасын әскери салада заңдылықты қадағалау керексіз. Қазір қоғамда үлкен сұрақ туындап жатыр: жастарымыз әскери борышын өтеуге, әскерге баруына байланысты. Енді бірі әскерге барып жатса, енді бірі әскерге барудан қорқып жатады. Біз өңірлердегі бірқатар жағдайды байқап жатырмыз, яғни медициналық тексеру кезінде кейбір жастарымыз әскерден жалтару үшін тіпті, медкомиссияға өздері пара ұсынып, одан жалтарып жатыр. Әрине, бір жағынан оларды да, олардың әке-шешелерін де түсінуге болады. Қазіргі заманда кім 18 жасқа дейін мәпелеп өсірген баласын аман-есен әскерге жіберіп, одан кейін Құдай сақтасын, мүгедек болып немесе табытпен қарсы алып жатса, кімге жақсы? Менің ойымша, біз әскердегі тәртіпсіздікті реттемей, өкінішке қарай, парақорлықты арттырып жатырмыз. 2 сұраққа нақты жауап берсеңіз, - деді депутат.

Мақсат Қазиев айтылған мәселелермен келісетінін айтты.

Өзіңіз айтқандай, Президенттің тапсырмасына сәйкес, қауіпсіздік кеңесінің жанында тиісті комиссия құрылған. Оған біз мүше ретінде кіреміз. Барлық құзіретті органдар, көбінесе Қарулы күштер, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан басшылары кіреді. Ол жерде 2022-2024 жылдарға арналған тиісті жоспар бекітілген. Дұрыс айтасыз, бүгінгі күні көзге көрінетіндей, ауыз толтырып айтатындай іс-шаралар көрініп жатқан жоқ. Дегенмен, жоспарға сәйкес бірқатар шара атқарылды. Ол енді үлкен бір шараның бірі болып келеді. Неге десеңіз, бірқатар келеңсіз жағдай орын алған. Оны біз сараладық, зерделедік. Өз-өзіне қол салғандар, арасында кейбір криминалдық сипаттағы әрекеттер бар. Көп жағдайлар жас қызметшілердің әскерге дейін бірқатар келеңсіз жағдайларға тап болуымен де байланысты екендігі анықталды. Кредитке бату немесе туған-туыстарымен арақатынасы, махаббат мәселесі. Сол жағдайлардың алдын алу, психологтардың көмегін алуды тиісті деңгейде қолдану бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз, - деді Мақсат Қазиев.

Сондай-ақ ол несие мәселесіне қатысты «кредиттік каникул» беріледі деп отыр.

Сонымен қатар кредитке бату бойынша да тиісті банктермен жұмыс жүргізіліп, әскери міндетін атқарып жүргенде «кредиттік каникул» беріледі. Ол сарбаздарымыз ертең әскерден шыққан соң қандай да бір оқу орнына түсуге, ол бойынша да бірқатар оқу орнымен келісімге келіп, ұсыныстарын алға тартты. Біз командирлер жақсы тәрбие беріп, өздерін үлгі ретінде көрсету әр сарбазға, әр төмен тұрған қызметкерге үлкен көмек. Соны біз зерделедік. Бағана айтып кеттім, Қорғаныс министрлігіне келер болсам, жыл сайын командир 720 құжат толтыруы керек. Ол қайдан сарбаздарға қарап, психологиялық тұрғыда болсын, басшы ретінде болсын көмегін көрсетеді? Ол рапорт толтырумен жүр. Сол мәселені көтердік. Қазіргі таңда тиісті министрліктер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі бұл құжаттарды азайтып, тек нақты, ертең нәтижесі болатын құжаттарды ғана қалдырып жатыр, - деді Бас әскери прокуратураның өкілі.

Бірақ Сенатор Геннадий Шиповских сұрағының жауабына толық ақпарат ала алмай, қанағаттанбағанын жеткізді.

Кешірім сұраймын, мен сұраққа қанағаттанған жоқпын. Дәл осындай мәселені болдырмау үшін бұл жерде ауқымды шара қажет. Егер өңірде осындай жағдай болса, бір сарбаз көз жұмды немесе бір сарбаз мүгедек болып қалса, дәл сол жердегі аймақтық бөлімшелердің бірінші басшылары міндетті түрде оларды үлкен жауапкершілікке тарту керек. Тіпті, трибуналға жіберу керек. Сонда ғана тәртіп орнайды, - деді депутат.

сенатор Әскер медициналық комиссия Сарбаз

Новости по теме