Депутатттыққа үміткер болған айтыскер Ринар Зайытов өзгеріс жасау үшін келіскенін мәлімдеді
"AMANAT" партиясынан Мәжіліске үміткер атанған белгілі айтыс ақыны Ринат Зайытов бұл қадамға баруының сырын түсіндірді, деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы өнер қайраткері әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазба жариялады. Онда Мәжіліске партиялық тізіммен үміткер атанған ақын "AMANAT"-тың қатарына неліктен қосылғанын түсіндірді.
Өмір жолы шынымен бұралаң-ау... Дәл мен Аманат партиясының құрамында болады деп сіздердің мүлдем ойламағандарыңыз айтпаса да түсінікті. "Бұл қалай болып кетті?"- деген сұрақтарыңызға бірінші өзім жауап берейін. Осы сайлауға дейін түрлі жерде елдің сөзін сөйлететін болса, кез-келген мүмкіндіктен бас тартпайтынымды айтып жүргенімді аңғарған шығарсыздар?. Сол мүмкіндіктің үлкені осы "Аманат".Көңілімдегі күннен күнге сөне бастаған үміт қайта тұтанды. Себебі осы уақытқа дейін өз басым аты мен затынан аулақ жүрген партия әуелі атын өзгерткенде күмәнмен қабылдап едім. Бүгін сол Аманат партиясы Қазақстан мемлекетіне оңды өзгеріс жасағысы келетінін көзіме көрсетті. Құрамын 75% жаңартқан партияда: Ерлан Сайыров, Аманжол Әлтай секілді ағаларымды Асхат Аймағамбетов, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайдай замандас-бауырларымды көрдім. Бұл дегеніміз, Ерлан Жақанұлы Қошановтың жаңаша іске кірісуге және жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға дайын екенін білдіреді, - деді Ринат Зайытов.
Ол осы арқылы өзі де өзгеріске қатысудың сәтін туғанын атады. Осы жолда тартынбаймын деген Ринат Зайытов еліміздің бір тілді және бір мүддеге тоғысқан ел болғанын қалайтынын жеткізген. Әрі партияға өзгеру үшін емес, өзгерту үшін келгенін мәлімдеді.
Неге тартынуым керек? Ия, мен өз отанымның әділетті, тұрақты, бір тілді, бір мүдделі шынымен зайырлы мемлекет болғанын армандаймын. Сол үшін де маған бұл- өз ойларымды тиісті жерге жеткізуге апаратын төте жол. Ендеше одан құр қырсықтықпен бас тарту ақылдының ісі емес. Ең бастысы, мәжіліс мінберінен ойымды жеткізу. Ендігі міндет партияның ғана емес, мемлекеттің де келешек жұмыстарына білгенімнің шеңберінде үлес қосу. Басқасының бәрі жай сөз! Біз- Аманатқа өзгеру үшін емес, өзгерту үшін келдік. Оны өздеріңіз де түсініп тұрсыздар. Жаратушы жар болып, ел қолдаса болғаны. Нартәуекел, - деді айтыс ақыны.
"AMANAT" партиясының жиынында Мәжіліс сайлауына қатысатын үміткерлердің есімі жария болды. Партиялық тізіммен 90, мажоритарлық жүйе бойынша 29 үміткер республика бойынша саяси додаға қатысатыны анықталды.
Сондай-ақ, Arbat.media "Ақ жол" мен жаңадан тіркелген Respublica партиясынан сайлауға қатысатын үміткерлер туралы жазды.