Новости Казахстана25 декабря 2022, 5:00

Астанада жұмыспен қамту шараларымен 26 мыңнан астам қамтылған

Бас қалада жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында бірқатар іс-шаралар атқарған. Басты көрсеткіш –  26 799 адамның жұмыспен қамтылуы. Оның 8 034-і тұрақты жұмысқа, ал 3 967-сі уақытша жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Arbat.media.

Жұмыссыздық – елдегі өзекті мәселелердің бірі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінгі таңда жұмыссыздар саны 450 мыңнан аса адамды, ал жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды.
Былтыр екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 18 мыңнан астам жұмыссыз адам Астана қалалық жұмыспен қамту орталығына көмек сұрап келген. Солардың 12 мыңға жуығы Орталық қызметкерлерінің септесуімен жұмысқа орналасты. Ал нақтырақ айтар болсақ, оның 7 212-і тұрақты жұмысқа, қалғаны уақытша қызметке тұрған.

Бүгінгі күні олар білім, құрылыс, қызмет көрсету, медицина және т.б. салалар бойынша қызмет етіп жатыр. Мұнда 18-ден 61 жасқа дейінгі азаматтар жұмыс істейді.

Халықты жұмыспен қамту орталығы мәліметінше, қазіргі кезде жұмыссыз азаматтарды оқытудың екі түрі бар. Біріншісі, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша жұмыссыздарды оқу ұйымдарында оқыту. Мұнда шамамен 172 адам арнайы кәсіптер бойынша білім алады. Олардың қатарында кран машинисі, тиеу машинисі, электр газбен дәнекерлеуші, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтер, суретші, аспаз, наубайшы, кондитер, тігінші, тігін және кесте жабдығының операторлары, тігінші, тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, шебер шаштараз, бақылаушы-кассир және т.б. бар.

Ал екіншісі, жұмыссыз азаматтарды жұмыс берушілердің жұмыс орнында өздерінің оқытуы. Мұнда келушілер шаштараз, тырнақ сервисінің шебері, тігінші, тәрбиешінің көмекшісі, аспаз, аспаздың көмекшісі, кондитер секілді мамандықтар бойынша арнайы кәсіптік курстардан өтеді. Мұның тиімділігі сол – жұмыс беруші өзіне керек білім мен білік дағдыларын ғана үйретіп, артық уақыт жоғалтпайды. Ал жұмысшы болса, болашақ кәсібінің қыр-сырын бірден өндіріс орнында игеріп, теориялық білімнен гөрі практикалық білімге иек артады.  


Сонымен қоса, биыл жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін Астана қаласы бойынша 350 грант бөлінді. Олардың ішінде осы жылдың сәуір айында өткен комиссияың бірінші отырысында 30 бизнес-жоба қаралған. Нәтижесінде бес грант мақұлданыпты. Сол грант иеленгендердің қатарында 29 жасқа толмаған үш жас, екі көпбалалы отбасы бар.
Сол көпбалалы аналардың бірі – «Бизнес бастау-2021» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсынан оқытудан өткен. Кейін кондитерлік өнімдерді әзірлеу бойынша өз бизнесін ашуға 1 миллионнан астам қаржылай грантты ұтып алған. Осылайша бүгінгі таңда жас кәсіпкер өз кәсібін дөңгелетіп отыр.


Тағы бір айта кетерлігі, халықты жұмыспен қамту орталығы мүгедектігі бар азаматтарға да жұмыс тауып беруге жәрдемдеседі.

Жыл басынан бері әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың бөліміне мүгедектігі бар 929 адам өтініш қалдырса, соның 839-ы жұмысқа орналастырылды. 
Жалпы Жұмыспен қамту орталығының жұмысы азаматтарды тек қана жұмыспен қамтумен шектелмейді. Оның ішінде, санамалап айтар болсақ, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметтерді онлайн жүзеге асыруға, өңіраралық қоныс аударуды қолдауға, кәсіби бағдар беріп, мамандықтар атластары бойынша азаматтардың түсінігін қөалыптастыруға, онлайн оқыту арқылы дағдыларды қалыптастырып, мақсаттарына қол жеткізуге, еңбек нарығына талдау жасап, болжам жасауға көмектеседі. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет бойынша нақты бос жұмыс орындарын интернет желісі арқылы тауып алуға мүмкіндік береді. 

Бұдан бөлек, биыл елордада жергілікті органдардың ұйымдастыруымен «Жастар» сарайында жұмыссыз азаматтар, пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар және алимент бойынша борышкерлер үшін жалпы қалалық 10 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген. Бос орындар жәрмеңкесінің мақсаты – азаматтарды бос жұмыс орындарына орналастыру екені анық. Асталған іс-шара арқылы жұмыс іздеушілерге өздерін қызықтыратын салада бос жұмыс орындарын іздеп қана қоймай, жұмыс берушілермен тікелей сөйлесуге мүмкіндік берлген. Сондай-ақ азаматтарға Жұмыспен қамту орталығының мамандарынан өздерін қызықтыратын мәселелер бойынша кеңестер берген.

Міне, миграция ағыны бір сәтке тоқтамайтын Астана қаласындағы еңбек нарығындағы ахуал осындай. Бұл бағыттағы жұмыс осымен тоқталып қалмайтыны анық. Жыл сайын Астанаға қоныс аударушылар саны еселеп өсіп келеді. Ал бұл өз кезегінде еңбек нарығындағы бәсекелестікті қыздырып, халықты жұмыспен қамту мәселесін алға шығаратыны белгілі. 

Айта кетейік, Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жыл басынан бері 26 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Олардың негізгі бөлігі білім, медицина, қызмет көрсету салаларында.

Астана елорда жұмыс қамту

Новости по теме