Зерттеушілер Қабанбай батырдың Ресейде жерленгенін анықтады
Қазақтың даңқты тұлғасы Қабанбай батырдың Ресейде жерленгені белгілі болды. Бұл туралы Астанада өткен конференцияда ғалымдардың бірі айтты, деп хабарлайды arbat.media.
Хабар 24 арнасы ұсынған сюжетте Қаракерей Қабанбайдың жерленген жерін көрсеткен карта табылғаны айтылды. Ұлы қолбасшының 330 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда зерттеуші Серікбосын Сайдағалидың сөзіне сілтеме жасай отырып, 18-ғасыр картасында Ресейдің географиялық аймағы бейнеленгенін мәлімдеді.
Онда Қабанбай батыр соңғы жылдары өмір сүрген және жерленген деген ұлыс көрсетілген. Батырдың шын есімі Ерасыл екені белгілі. Оны ерлігі мен батырлығы үшін ел Қабанбай атын берген. Абылай хан заманында оның дарабоз батыр ретінде даңқы шыққаны тарихтан мәлім. Ол 15 жасында жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқа қатысты.
Ғалымдар арасында Қабанбай батырдың жерленген жері туралы бірнеше нұсқалар айтылады. Біреулер оны Астанадан 30 шақырым қашықтықта жерлегенін айтса, екінші тарап Қызылорданың тұсында жерленгенін айтып дәйек келтіреді. Ғалымдардың бір тобы батырдың бейіті Қытайда деген нұсқаны да ұсынған. Ал батырдың сегізінші ұрпағы басқаша уәж айтып отыр.
"Мен Қабанбай батырдың тікелей ұрпағымын. Сегізінші буын өкілімін. Сондықтан мен нақты білемін. Біздің ата-бабамыздан, ауыздан ауызға тараған дерек бойынша батырдың жатқан жері Шығыста – Алакөлдің жоғарғы жағасы, Жоңғар қақпасының сол жағында. Атақты батыр 103 рет шайқасқа қатысып, үнемі жеңіске жеткен. Соңғы жекпе-жекке 78 жасында, қайтыс боларының алдында шыққан", - дейді Қабанбай батырдың ұрпағыҰлықпан Сыдықов.
Қабанбай батыр Ресейде жерленген деген дерек бұған дейін айтылмаған. Алайда зерттеушілердің айтқан мысалы көптеген жайттарды ашып отыр. Алайда бұған қатысты ғылыми орта нақты қорытындыға келген жоқ.
Бұған дейін arbat.media. Кенесарының бас сүйегін әзір елге әкелу мәселесі туралы жазған еді. Онда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қазақтың соңғы ханының басы әлі табылмағанын айтқан еді.