Жер сілкінісі кезінде жоғалған Мирболат Құрмашевтің қайтыс болғаны анықталды
Түркияның Хатай провинциясындағы толығымен қираған ғимараттан қазақстандық құтқарушылардың күшімен екінші қазақстандықтың денесі табылып шығарылды, деп хабарлайды Arbat.media
Үйінді астын іздестіру барысында құтқарушылар алдын ала белгіленген орынға жету үшін барынша жедел түрде арнайы ойық жасаған. Құтқарушылар кішкентай бос орындар арқылы ойықтың ішіне кірді. Бұл ретте құтқарушылар құрылымдық элементтердің қайта құлауын болдырмау үшін тосқауылдарда аз саңылаулар жасауға тырысты, үйіндіде қауіпті учаскелерді бекітті, үйінді бөлшектерін көтеріп, жылжыта отырып Мирболат Құрмашевтің денесін сыртқа шығарды.
Бұған дейін Түркияда болған жер сілкісінен Қазақстанның 4 азаматының жоғалғаны айтылған еді. Кейін олардың бірі Сәбина Мамадиярова аман табылса, Әділ Қадырбековтің қайтыс болғаны анықталған. Түркияда жүрген Мирболат Құрмашев апапттан кейін үш күннен аса уақыт өткенде табылып отыр.
6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінен он мыңнан аса адам қайтыс болды. Ал зілзала кезінде жарақат алғандардың саны олардан едәуір көп. Қайғылы оқиғадан кейін Анадолы еліне әлемнің 60 елінен құтқару қызметі көмекке келді. Бұл ретте Қазақстаннан екі лекпен 100 құтқарушы апат аймағына аттанған болатын.