Юлия Путинцева Мароккодағы турнирдің ширек финалына шықты
Қазақстандық, әлемнің 61-ракеткасы Юлия Путинцева Рабат (Марокко) WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Arbat.media.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 129-ракеткасы, франциялық Леолия Жанжанды ұтты.
Бірінші партияда Путинцева қос брейкке қол жеткізді - 6:2. Екінші сетте 5:0 есебімен алға кетіп, матчқа доп бергенде, қарсыласы брейк жасады. Дегенмен Юлия бәсекені тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:1.
1 сағат 15 минутқа созылған кездесуде Юлия 8 брейк-пойнттың алтауын пайдалана білді.
Қазақстандық спортшы жартылай финалға шығу үшін рейтингте 195-сатыдағы аргентиналық Юлия Риерамен кездеседі.
Бұған дейін Қазақстанның екінші, әлемнің 147-ракеткасы Тимофей Скатов Ролан Гаррос турнирі іріктеу сайыстарының финалына шыққаны белгілі болған еді.