Новости Казахстана9 февраля 2023, 19:45

Халықтың сенімін жерге таптадым деп ойламаймын - Ринат Зайытов

"AMANAT" партиясынан тізім бойынша Мәжіліс депутаттығына үміткер атанған айтыс ақыны Ринат Зайытов неліктен мажоритарлық жүйемен түспегенін сұхбатында айтты, деп хабарлайды Arbat.media.

Бұған дейін мажоритарлық жүйемен сайлау комиссиясына құжат тапсырғанын мәлімдеп, артынша партия қатарына қосылған ақын ADYRNA ұлттық порталына берген сұхбатында өзін айыптағандарға жауап берді. Ол мажоритарлық жүйемен сайлауға түсу үшін көптеген ресурстар қажеттігін айта келе, партиямен сайлауға түсудің тиімді болғанын атады. Сондай-ақ, ол өзіне артылған ел сенімін аяқасты етпегенін де жеткізді.  

Мен неге елдің мүддесін неге айырбастауым керек? Маған депутаттың орынтағы халық мүддесін қорғау үшін керек. Осы уақытқа дейін кандидатураңды алып тастасаң, ақша береміз деген адамдар да болды. Сол үшін 200 мың долларға дейін ақша ұсынды. Егер маған ақша керек болса басымды бәйгеге тігудің маған не керегі бар? Қызмет, байитын орын керек болса, екі жыл бір театрды басқардым. Ол жерде де ақша аз емес. Шындығында мен кедей адам емеспін. Отбасым, үйім, көлігім, айлығым мен жұмысым бар. Маған одан артық не керек? Халықтың маған артқан сенімін шаштым деп ойламаймын. Біз халықтың сенімін немен өлшейміз? Интернеттегі пікірмен өлшеп жатамыз. Онлайн аудитория мен тірі пікірді ажыратып алайықшы, - деді Ринат Зайытов өз жауабында. 

Ол партия қатарына қосылуын біреудің айтқанымен жүру деп санамайтынын да алға тартты. Сонымен бірге осы әрекеті үшін партия жетекшілігіне уәде бермегенін мысалға келтірді. 

Мен "Аманат" партиясына барғанда ант-су ішіп, сіздердің жыртыстарыңызды жыртамын, осының айтқанымен жүремін дегенім жоқ. Парламентке барғанда да бірінші айтатын нәрсем - тілдің мәселесі. Ол ешкімнің тапсырмасы емес. Біріншіден мен әлі парламентке барған жоқпын. Ертең мені пайдаланып алып, ысырып тастауы мүмкін деген де күмән жоқ емес. Бұл жерде мен 100 пайыз сеніп, "жынды" болып отырған жоқпын. Сондықтан тізім бойынша қатардан шығарып тастауы да мүмкін. Өмірде бәрі болады, - деді ақын. 

Ринат Зайытов сұхбат барысында елдің сүйкіміне ие болудың да жолын атады. Алайда ондай абыроймен тек үй маңайынан шықпай қалатынын тілге тиек етті. 

Халық "үкімет жаман, президент жаман, анау оңбаған" деген адамның бәрін жақсы дейді. Сонда мен үйде отырып, сол сөзді ғана айта беруім керек пе? Сонда мен сатқын емес, батыр боламын ба? Әрекет етейін деп (парламентке) бара жатырмын ғой. Бізде пагон таққандардың әрекетін көрдік. Елшілердің айтып жатқаны анау. Осыны 100 депутаттың ішінен айтатын біреу жоқ па деп ойлаймын. Егер жоқ болса, соны айтатын адам мен болғым келеді. Мен парламентке барып бірдеңені өзгертіп жіберемін деп отырғаным жоқ, тырысамын. Бірінші істеп көру керек. Аяқты салмасаң судың ыстық-суығын қайдан білесің?!, - деді Ринат Зайытов. 

Оқи отырыңыздар: 

Бұған дейін Ринат Зайытов Алматыда сайлау комиссиясына құжат тапсырғанын мәлімдеген. Алайда арада көп уақыт өтпей оның "AMANAT" партиясының қатарына қосылғаны белгілі болды. Партия жиынынан соң сайлауға тізім бойынша ұсынылған үміткерлер арасында Ринат Зайытовтың есімі аталды. 

 

Ринат Зайытов депутат сайлау Мәжіліс

Новости по теме

Ссылка скопирована в буфер обмена!