Түркістан облысында толассыз жаңбырдан кейін мал қырылды
Түркістан облысында жауыннан кейін тасқын судың салдарынан Бәйдібек ауданында 36 ұсақ мал суға кетті. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Запаров мәлімдеді, Arbat.media.
Қазіргі уақытта Түркістан облысы аумағында жағдай тұрақталып, су тасқыны тоқтаған. Өңірдің төтенше жағдайлар департаменті аумақта тасқын судан әлі де қауіп барын ескертіп отыр.
Өңірдегі бес ауданда 20 елді мекенді су алды. 27 көше мен 234 үйдің ауласын басты. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД қызметкерлерімен 204-тен астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. 790 ұсақ мал құтқарылды. Бәйдібек ауданында 36 мал қырылды деген ақпарат тіркелді. Жалпы бірнеше айдан бері өңірде жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде тасқын судан келер алапат апатқа жол берілген жоқ. Сауранда 4 эвакуациялық орталық ұйымдастырылды. Департаментте штаб құрылды. Облыс аумағында су сейілгенмен, әлі де қауіп бар деп есептейміз. Таулы аумақтағы Төлеби, Қазығұрт аудандарында әлі де қар бар. Жаңбыр жауса осындай төтенше жағдай орын алуы мүмкін» - деді Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Запаров.
Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, өңірге 7 сағаттың ішінде жауған жаңбырдың көлемі 10 күндік мөлшерден асқан. Сонымен бірге 2-4 ақпан күндері таулы аймақтарда жаңбыр, қар жаууы ықтималдығы болжанып отыр. Сондықтан әрбір аудан, қалада су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр және су басу қаупі бар аймақтар мен су нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
2 ақпанда Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басып жатқанын хабарланды. Тасқын судың салдарынан Сауран ауданындағы мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті және 7 балабақша жұмысын тоқтатты.