Тоқаев Астана әкімін қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлайды Arbat.media.
Елорда әкімі мемлекет басшысына тұрғын үй алаптарын дамыту, апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді бұзу, әлеуметтік нысандар салу, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, шағын және орта бизнесті қолдау, жұмыс орындарын ашу және қаланы абаттандыру мәселелері жөнінде баяндады.
Биылғы 5 айда тартылған инвестиция көлемі 425 миллиард теңгеден асып, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсім 20 пайыздан артты. 2023 жылы 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл 87 миллиард теңге көлемінде қаржы тартуға және 1,8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, биыл 6 мыңға жуық әлеуметтік жеңілдікпен берілетін пәтер және 16 үлескерлік құрылыс нысанын салу жұмыстарын аяқтау жоспарланған, - деді қабылдауда Ж.Қасымбек.
Астана әкімі қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысы аяқталып, қаланың қоғамдық көлік бағдарлары бойынша 400 жаңа автобус пайдалануға берілетінін атады.
Сонымен қатар, 150-ден астам аула мен қоғамдық орындарды абаттандыру жоспарланғанын жеткізді.
Қабылдау барысында ауызсу станциясы (ССС-3), жылу электр орталықтары, газ жылу станциялары құрылысының барысы туралы айтылды. Мысалы, ССС-3 станциясы пайдалануға берілгеннен кейін оның қуаты тәулігіне 100 мың текше метр су жеткізуге жетеді. ССС-3 станциясының бірінші кезеңін маусым айының соңында, екінші кезеңін биыл тамызда іске қосу жоспарланған. Бұған дейін Астана су қоймасынан су құбырын тарту жұмыстары басталған болатын.
Ақорданың баспасөз қызметі Қ.Тоқаевтың Астананың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, сондай-ақ жылыту маусымына дайындық жөнінде бірқатар тапсырма бергенін мәлімдеді.