Шығыс Қазақстанда жол апатынан үш адам қайтыс болды
Шығыс Қазақстан облысында екі көлік соқтығуы салдарынан бір жүргізуші мен екі жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды Arbat.media.
Қайғылы оқиға 13 ақпанда "Өскемен-Рахман бұлақтары" республикалық маңызы бар автожолында тіркелді. Өңірдегі Топқайын және Катонқарағай ауылдары арасында ВАЗ-2108 және Lada Granta автомобильдері соқтығысып, үш адам ажал құшты.
Ішкі істер министрлігінің Telegram-арнасында жарияланға дерек бойынша, ВАЗ-2108 көлігінде отырған 87 жастағы жолаушы оқиға орнында тілге келместен қайтыс болған. Ал көлікті жүргізген 19 жастағы жүргізуші мен Lada Granta-дағы кәмелетке толмаған адам Катонқарағайдағы ауруханада бақиға аттанды.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады, деп жазылған ІІМ мәліметінде.