Новости Казахстана22 февраля 2023, 15:58

Қазақстанда жарты жыл ішінде БАҚ өкілдерін қорқытудың алты оқиғасы тіркелді

Елімізде соңғы алты айдан бері БАҚ өкілдеріне қарсы әрекеттердің алты оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Arbat.media.
 
ІІМ хабарлауынша, жарты жыл ішінде журналистер мен блогерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны үшін 18 адам ұсталған. Министрліктің мәліметі бойынша 2022 жылғы қыркүйектен бастап ағымдағы жылғы 20 ақпанға дейін Алматы және Астана қалаларында 6 журналист пен блогерге, сондай-ақ 1 адамға қатысты олардың қызметімен байланысты бірқатар құқыққа қарсы әрекеттер жасалған.
Жәбірленушілерге қатысты жылжымайтын мүлікке қасақана зақым келтіру, автокөліктерді өртеу, оларға әртүрлі заттарды жөнелту арқылы қорқыту деректері, жәбірленушілердің мекенжайлары бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар және Интернет желісінде дербес деректерін тарату деректері жасалды. Осы қылмыстарды ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.
ҚР ҚК 115 “Қауіп”, 147 “Жеке өміріне қатысты мәліметтерді тарату”, 158 “Журналистік қызметке кедергі жасау”, 202 “Бөтеннің мүлкін қасақана жою”, 293 “Бұзақылық” баптары бойынша 20 қылмыстық іс қозғалды. Бұған қатысы бар 18 адам ұсталды. Дәлелдемелік базаны нығайту бойынша қажетті тергеу-жедел іс-әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп жазды ІІМ телеграм-арнасы.
Бұған дейін Астанада журналист Динара Егеубаеваның көлігіне белгісіз біреулердің от қойып, өртеп жібергені белгілі болды. Жалпы, елімізде БАҚ өкілдерінің кәсіби қызметіне байланысты тосқауыл-кедергілерге жиі болады. «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы шығарған «Сөз бостандығы индексінде» Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұрақтаған. 
 
 
ІІМ БАҚ Журналист блогер

Новости по теме

Ссылка скопирована в буфер обмена!