Албания басшысы Қазақстан президентін өз еліне ресми сапармен шақырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Албания президенті Байрам Бегай шағын құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Бұл – тарихтағы Албания Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Сіздің ресми сапарыңыз өзара ынтымқатастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол екенін атап өтті.
«Екі аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Албания Президенті Байрам Бегай Қазақстанға сапармен келгеніне өте қуанышты екенін айтты.
«Арнайы шақырғаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Өзіңіз айтқандай, бұл сапар дипломатиялық байланыстарымыздың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біздің саяси қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Енді экономикалық ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер тауып, бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Сізді Албанияға сапармен келуге шақырамын, – деді Албания басшысы.