Новости Казахстана21 декабря 2022, 0:21

Маңғыстауда мұнайшылар ереуілінен кейін компания еңбекақы көлемін 15 пайызға көтерді

Маңғыстау облысында "Phystech II" АҚ жұмысшыларының еңбекақысын көтеру туралы талабынан кейін компания басшылығы мәлімдеме жасады. Бір апта бұрын жұмысшылар еңбекақы көлеміне наразылық білдіріп, екі вахтаның қызметкерлері ереуілге шыққан еді,  деп хабарлайды  arbat.media.

"Phystech II" АҚ-на қарасты Солтүстік Қаражанбас кен орнының жұмысшылары 12 желтоқсан күні  вахта ауысымына сәйкес үйлеріне оралудан бас тартып,  ереуілге шыққан. Олар өздерінің айлық табысын 100 пайызға өсіруді сұраған еді.

Жұмысшылардың талабынан соң компания аталған жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Олардың сөзінше, желтоқсан айының 20-нан бастап еңбекақы көлемі өсетін болған.

"Кен орны қауіпті өндірістік нысан екендігі мәлім. Сондықтан компания басшылығы  қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін  №1 вахта қызметкерлерінен автобуспен кен орнының аумағынан кетуін сұрады. Жұмысшылардың  көпшілігі автобусқа отыруға келіспей,  кен орнынан жаяу кетуге шешім қабылдады. Алайда  компания оларға тағы бірнеше мәрте  көлік қызметін ұсынды, бірақ жұмысшылар бұл мүмкіндікті де  пайдаланбады. 2022 жылдың 15 желтоқсанында сағат 8-48-де №2 вахта қызметкерлері жұмыс орындарын тастап, өндіріс аумағынан  кетуге ниетті екендіктерін мәлімдеді. Сағат 11-30 шамасында №2 вахта қызметкерлері өз жұмыс орындарын тастап, вахталық қалашыққа қарай бет алып, ереуілге шықты", - деп жазылған компанияның хабарламасында.

Кейін барлық вахта, оның ішінде инженерлік құрам  қызметкерлері жұмыс орындарын тастап кеткен. Ереуілшілер  өндірістік үдерісті қадағалауы үшін  4 қызметкерді қалдырып  кеткенімен олар жұмыс барысын тек бақылап отырғаны белгілі болды. Соның салдарынан өндірістегі  арнайы  құрылымдалған қондырғы қызметінің істен шыққандығы анықталып отыр.

Маңғыстау облысының Түпқараған аудандық соты жұмысшылар ереуілін заңсыз деп тану туралы шешім шығарды. Арада бір апта уақыт өткенімен соттың шешіміне қарамастан, "Phystech II" АҚ қызметкерлері жұмысқа шықпағаны белгілі болды. Жұмысшылар компанияның өндіріс аумағында  ереуілін жалғастырып, күніне 3 мәрте  ыстық тамақпен толық қамтамасыз етіліп отырғаны айтылды.

"№1 вахта қызметкерлері апаттық бригаданың өндіріс аумағына кіруіне жол бермейді. Осылайша, кен орнында заңсыз ереуіл жүргізу салдарынан өндіріс толығымен тоқтатылды. Бұл технологиялық процесті бұзу болып табылады. Егер өндіріс үдерісі  жақын арада іске қосылмаса, онда кен орнындағы ұңғымалар өз инерциясын жоғалтып, істен шығуы мүмкін, бұл одан да ауыр зардаптарға әкеледі. 19 желтоқсанда компанияның акционері А.Усеров қызметкерлермен кездесіп, бас директор мен оның орынбасары жұмыстан босатылмайтындығын,  ал қазіргі уақытта жалақы 15% - ға артатындығын мәлімдеді", - деп жазылған компания таратқан ақпаратта.

Қазіргі уақытта жұмысшыларға 20 желтоқсаннан бастап барлық қызметкерлердің жалақысы 15%-ға көтерілетіні айтылған. Сонымен бірге, жалақысы 130 мыңнан кем жұмыскерлердің жалақысы 50% - ға көтерілетін болды. 2023 жылдың 1 мамырынан бастап 20 пайызға, сонымен бірге, 1 қыркүйекте тағы да 20 пайызға еңбекақы көлемін өсіру көзделген.

 Қазіргі уақытта компания аталған шарттармен келісуге дайын жұмысшылар жұмысқа шығуы керек екенін алға тартып отыр. Алайда жұмысшы тарап талаптың орындалуын сұраған. Ал өз кезегінде "Phystech II" АҚ компанияның қаржылық жағдайына байланысты мұндай талапты бірден қанағаттандыру мүмкін еместігін айтып отыр.

Мұнайшылар Ереуіл Маңғыстау облысы Phystech II

Новости по теме

Ссылка скопирована в буфер обмена!