Кәрім Көкірекбаевпен бірге отырмын: Михаил Козачков түрмеден хат жолдады
Желтоқсан айының ортасында қамауға алынған журналист Михаил Козачковтың тағы бір хаты жарық көрді, деп хабарлайды Arbat.media.
Белгілі журналистің хаты Dalainside телеграм-арнасында жарияланды. Хатта Михаил Козачков өзіне тағылған "айыптау материалдарымен" әлі күнге дейін толық таныспағанын айтады. Тергеу жұмыстарына әлі толық нүкте қойылмаған көрінеді.
Қылмыстық іске том-том құжат тігіліп жатыр. Журналист кінәсін мойындаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.
Себебі, бұның бәрі сандырақ, маған тағылған айыптың барлығы ойдан құралған, - деп жазады журналист.
Түрмеден жолданған хатта Козачков Өскемендегі № 17 түзеу колониясында отырғанын, мұндағы изолятор елдегі ең үлкен түзеу мекемесі екенін, әзір мұнда 1500 сотталушы жазасын өтеп жатқанын атаған.
Мұндағы қауым түгелдей кітап оқиды. Уақыт өткізудің ең ұтымды амалы кітап кеміру. Жанымдағы жігіттермен тіл табысып алдық. Кітаптан бөлек аракідік шахмат ойнаймыз. Туыс-туған жеткізетін ас-суды тең бөлісеміз. Әйткенмен де түрменің аты түрме. Тазалық сақтауға тырысқаныңмен, еркіндіктегі өмір салтыңды сақтай алмайсың. Аптасына бір мәрте жуынып-шайынамыз. Шашымды тақырлап тастадым. Осындағы қауыммен біте қайнасып кеткен жайымыз бар", – дейді Козачков.
Журналист түрмеде байланыс қазақ тілі екенін алға тартады. Ол мұндағы жұртпен тілдесу қиынға соққандықтан мемлекеттік тілді меңгеруге күш салғалы отыр.
Сондай-ақ, еркіндікте жүргенде журналистің нысанасына іліккен экс-шенді-шекпенділердің біразы осы изоляторда жатқан көрінеді.
Бұл арада "ескі таныстарды" да кездестіріп жатырмыз. Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаевпен ұшырасып қалдық. "Қорғас ісінің" басты куәгері Талғат Махатов пен Қаңтар оқиғасын ушықтырды деп күдіктелген, Садақ ату федерациясының төрағасы Азамат Оспанов та осында екен. Менің осында екенімді біліп, дұғай-дұғай сәлем жолдапты. Банкир Ержан Тәтішевтің өліміне кінәлі Мұратхан Тоқмади мені көре сала аузынан ақ көбігі ақтарылды. Мені танып жатқандардың қатары көбейіп келеді. Бұл жайт менің заңгерлерімді алаңдатып отыр", – дейді түрмеде өзіне қастандық жасалуы мүмкін екенін меңзеген журналист.
Қапастан хат жолдаған журналист өзіне демеу көрсетіп, қолдау білдіріп жатқан желідегі жұртқа алғыс айтқан.
Михаил Козачков Болат Назарбаевтың "оң қолы" болған Елдос Қоспаевқа рейдерлікпен айналысуға көмектесті деп күдікке ілінген болатын. Кейін ол сот шешімі бойынша екі айға қамауға алды.