Эльмира Сыздықова әйелдер күресінен Азия чемпионы атанды
Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия Чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқы жарыс күнінде үш медальға қол жеткізді, деп хабарлайды Arbat.media.
Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова елорда төрінде өтіп жатқан сары құрлық бәсекесінде чемпион атанды. Бұған дейін Азия біріншілігінде алты рет жүлде алған отандасымыз Астанада ел мерейін үстем етті. Ол финалда қырғыз балуаны Айпері Медетқызынан басым түсті.
Әйелдер күресінен сынға түскен тағы бір балуанымыз Марина Седнева 55 келіде қола жүлдеге қол жеткізе алды. Отандасымыз жарысты тәуір бастағанымен, финалға шыға алмады.
Ал ұзақ жылдық үзілістен кейін бозкілемге қайта оралған Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Елена Шалыгина Астанадағы сында қола жүлдеге қол жеткізді.
Бұған дейін грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы бәсекеге қатысқан еді. Алайда классиктер арасында тек бір ғана балуанымыз Азия чемпионатынын алтынын иеленді.