Новости Казахстана31 декабря 2022, 18:00

2022 жыл қазақстандықтар үшін несімен есте қалды?

2022 жыл қазақстандықтар үшін қайғылы оқиғамен басталды. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл да зулап өте шығыпты. Осы орайда arbat.media.  бір жыл ішінде Қазақстанда болған саяси-әлеуметтік оқиғаларға шолу жасап көрді.  

Жылдың басында газ бағасы қымбаттап, Маңғыстауда митинг басталған еді. Артынан маңғыстаулықтарға қолдау білдірушілер Алматыда, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкентте бой көтерді. Артынан бұл дүмпу ел бойынша жалғасын тапты. Газдың бағасын төмендетуді сұраған азаматтар бұл талабын орындалғанша алаңда тырп еткен жоқ. Әуелі төмендету мүмкін емес деген Үкімет артынан газдың бағасын литріне 50 теңгеден белгіледі. Ал өзге өңірлердегі баға 120-130 теңгеден 70 теңгеге бір-ақ түсті. Алайда митингті соңы арандатушылардың қосылуымен тәртіпсіздіктерге ұласа бастады. Бұл жағдай Атырау, Ақтөбе облыстарында басталып, кейін Алматыда қырғынға ұласты. Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы жағдайдан кейін ахуал мүлде қиындай түсті. Өкініштісі, митинг кезінде Алматыда екі жүзге жуық адам атылған оқтан қайтыс болды. 

Еліміздің әр өңірінде алаңға жиналған адамдар саны бірнеше мыңға жетті. Ақтауда алаңға шыққандардың саны10 мың адамға дейін жетсе, өзге өңірлерде олардың саны 5 мың адамнан кем түспеді. Ал Алматыда алаңға шыққандардың қарасы тіптен көп болды. Олардың бір легі арандатушылармен бірге сауда үйлері, банкомат, басқа да қоғамдық орындарды тонауға ұласты.

Қаңтар оқиғасы кезінде елімз бойынша қайтыс болған адамдар саны 227 адамды құраған. Олардың арасында әйелдер мен балалар бар. Сондай-ақ, 19-ы құқық қорғау қызметкері оқиға кезінде мерт болды. 

Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде аталған оқиға кінәлі адамдардың аты аталды. Қаралы оқиға кезінде ҰҚК төрағасы болған Кәрім Мәсімов орынбасарларымен бірге қамауға алынды. Сонымен бірге, қылмыс әлемінде "Дикий Арман" атымен танылған Арман Жұмагелдиев Алматыдағы қонақүйлердің бірінше ұсталды. Сондай-ақ, бұл оқиғадан кейін "Жаңа Қазақстан" құрылатыны айтылды. Мәселен, бұрын билікте болған көптеген адамдар қызметінен кетті. Оның ішінде Үкімет басшысы, Мәжіліс спикері, экс-президент Н.Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева да бар. Айта кететін маңызды нәрсе, Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымынан кетті. 

Қайрат Сатыбалдының ұсталуы

Наурыз  айының 13-де Алматы әуежайында шетелге жеке ұшағымен кеткелі тұрған экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды қамауға алынды. Оған "Қазақтелеком" АҚ қаржысын иеленді деген айып тағылған болатын. Сонымен бірге оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да ұсталды. Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Н.Назарбаевтың туыстарының ішінде әзірге тек Қайрат Сатыбалды ғана бар. Ал оның інісі Самат Әбіш қаңтар айының ортасында ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылған. Қыркүйек айында сот Қайрат Сатыбалдының 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге, оның иелігінде активтер мемлекет меншігіне қайтарылатын болды. 

Жаңадан үш облыс ашылды

Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айының ортасында "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" деген атпен халыққа кезекті Жолдауын жария етті.   

Қаңтар оқиғасына қатысты айта келе, оны биліктің жоғары тармағында отырған лауазым иелері ұйымдастырғанын атады. Парламенттің маңызын арттыруды айтып, партия қатарынан шығатынын мәлімжеді. Және бұл міндетті барлық облыстың әкімдеріне де міндеттеді. Сондай-ақ, өңірлерді дамыту мақсатында Ұлытау, Жетісу және Абай облыстары құрылатынын мәлімдеді. Бұрынғы Жезқазған болысы қайтадан Ұлытау болып құрылды. Ал бұрын Талдықорған облысы өңір енді Жетісу деп аталатын болды. Ал Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына көшіріліп, облыс орталығына Қонаев атауы берілді. 1997 жылы таратылған Семей облысы Шығыс Қазақстаннан бөлініп, Абай облысы деп аталды. 

Конституцияны өзгертуге қатысты референдум

Маусым айының 5 күні елімізде Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты референдум өтті. Бұл жолы Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізуге байланысты дауыс берді. Түзетуден кейін президент, әкім, сот секілді жоғары лауазым иелері белгілі бір партияда мүше болмайды. Ең басты айта кететін нәрсе, президенттің туыстарына жоғары лауазымды қызметте жұмыс істеуіне заңмен шектеу қойылы. Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа заң бойынша берілген барлық артықшылық алынатын болды. Референдум аясында еліміз бойынша конституциялық сотты қайта құру ұсынылып, жыл соңында жаңа төрағасы тағайындалды. 

Аманқарағайдан шыққан өрт

Қостанай облысында күзде басталған өрт еллі алаңдатқан мәселеге айналды. Әулиекөл ауданыныдағы орман алқабынан шыққан тілсіз жау бірнеше мыңдаған гектар далалы, орманды алқапты отқа орды. Соның салдарынан бір адам қайтыс болып, екі мыңнан астам адамның үйі жанып кетті. Үкімет жанынан құрылған комиссия бірнеше елді мекенді шарпыды. Екі мыңнан астам адам баспанасыз қалды. 

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Әулиекөлдегі өрттің шығуына табиғат жағдайының себебі жоғын атады. Кейін бұған қатысты тергеу жұмыстары басталып, күдік адам қамауға алынды. Айта кететін бір жайт, Аманқарағайдағы өрт кезінде Ақмола және Шығыс Қазақстан облысында орманды алқаптан өрт шықты. Сонымен бірге Алматыда Көктөбе отқа оранып, дер кезінде сөндірілді. Сонымен бірге, Алматы облысында даланы өртеп жатқан өрт сөндіруші қолға түсті. Кейін ол "тонған соң от жақтым" деп кешірім сұрады. 

Рим папасының Қазақстанға сапары

Биыл Ватиканнан Қазақстанға Рим папасы Франциск келді. Астанада өтке әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің конгресіне қатысу мақсатында ол үш күндік сапарымен Астанада болды. Франциск Қазақстанға сапары аясында мемлекет басшысымен, азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдері ресми кездесулер өткізді. Съезде Рим папасы сөз сөйлеп, жаһандық татулық және бірлік туралы айта келе, Абай сөздерін мысалға келтірді. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі кезінде Рим Папасы Франциск ЭКСПО алаңында діни месса өткізіп, оған Орталық Азиядан келген 3 мың адам қатысты.

«Орталық Азия – Ресей» саммиті

Қазан айында Астанада «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтті. Аталған басқосуға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей президенттері қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиында қазіргі уақытта бүкіл шекара бойында тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті күшейту өңірдегі ең маңызды міндет екенін атап өтті. Ол терроризммен, экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен бірлесе күресу, сондай-ақ түрлі гибридті қауіптерге қарсы өзара іс-әрекет мәселелері өзекті болып отыр.

Президент сайлауы 

Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі жолдауы кезінде алда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы айтты. Кезектен тыс сайлаудың ең басты артықшылығы – саяси додада жеңіске жеткен кандидат президент міндетін 7 жыл атқарады.

Саяси науқанға алты үміткер қатысты. Олардың қатарында қоғам қайраткері Қарақат Жақсылыққызы Әбден, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев, «Ауыл» партиясы ұсынған кандидат Жигули Дайрабаев, «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан Мейрам Қажыкен, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Салтанат Тұрсынбекова мен халықтық комиссия ұсынған  Қасым-Жомарт Тоқаев болды.

Дауыс беруге Қазақстандағы 12 миллионға жуық сайлаушының 8,3 миллионы қатысты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берушілердің 81,31% үлесін жинады. Айта кетерлік бір жайт, бұл жолғы сайлауда "Барлығына қарсымын" деген пункт енген болатын. 

Екібастұздағы төтенше жағдай

Қарашаның соңында Екібастұздағы жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғында қатты суықта жылусыз қалды. Жылу қазандығында болған апаттан кейін Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылып, мәселені реттеуге кіріскен. Алайда жылу беру апта бойы ретке келмеді. Тек бірнеше күннен кейін қаладағы тұрғынүйлерге жылу қосыла бастады.  

Аталған апаттан кейін Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қызметінен кетті. Сондай-ақ, жылу электр стансасының учаске бастығының мәйіті өзінің көлігінен табылды. Оған тергеу жүргізген ПД өлім себебін жұмыспен қатысы жоғын атады. 

Төтенше жағдай кезінде Екібастұздағы көпқабатты үйлердің жылу батареялары жарылды. Оны ауыстыру үшін еліміздің бірнеше өңірінен арнайы мамандар тартылды. 

Арта қалған Барыс жылы қазақстандықтан үшін оңай болған жоқ. "Қаңтар оқиғасының" ызғарынан кейін Ресейдің Украинаға басып кіріп, соғыс ашуы да қазақ қоғамына жеңіл тимеді. Ресейге Батыс пен АҚШ-тың салған санкциясынан кейін және көрші елдегі мобилизация кезінде орыстардың жаппай Қазақстанға ағылуы пәтер жалдап тұратын ағайынды қиындыққа ұшыратты. Сонымен бірге, Ресейдің түрлі саясаттанушылары эфир арқылы Қазақстанға бағыттаған сөздері де түрлі дауға себеп болды. 

Алда босағамыздан аттағалы тұрған Қоян жылы Қазақстан үшін табысты болады деген ойдамыз. Ел іргесі аман, жұрт арасы тыныш болсын деген тілекпен баршаға толағай табыс тілейміз. 

 

 

Барыс жылы 2022 жыл Қазақстан Қоғам

Новости по теме

Ссылка скопирована в буфер обмена!