Түркияда апат кезінде жоғалған бір қазақстандық әйел үйінді астынан аман табылды
Түркияда апат кезінде жоғалған төрт қазақстандықтың бірін құтқару қызметі тауып алды, деп хабарлайды Arbat.media.
Бұған дейін апат кезінде еліміздің Түркияда жүрген 4 азаматының із-түссіз кеткені айтылған болатын. Олардың бірі Сәбина Мамадиярованы құтқарушылар іздестіру кезінде құлаған үйдің үйінділерінің астынан аман алып шықты.
Тексеру кезінде отандасымыздың қолының сынғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта оны ауруханаға жеткізіп, тиісті ем-дом шаралары жасалған.
Arbat.media бұған дейін Түркияда жоғалып кеткен Қазақстан азаматтары туралы жазды. Олардың бірі Мирболат Құрмашевтің жақындары ол зілзала алдында болған ғимараттың суретін жариялаған болатын.
Түркияда 6 ақпанда болған жер сілкісінінен кейін бірнеше мың адам қайтыс болып, он мыңнан астам адам жарақат алды. Сонымен бірге, шекараға жақын орналасқан Сирияның кейбір провинцияларында да табиғат апаты тіркелді. Соның салдарынан мыңға жуық адамның қайтыс болғаны айтылды. Апатты жағдайдан кейін еліміздің президенті Түркия басшысына көңіл айту жеделхатын жолдады. Арнайы тапсырма бойынша Қазақстаннан 100 құтқарушы екі лекпен түрік еліне аттанды.
Апаттан кейін Түркияда бір апта бойы аза тұту жарияланды. Сондай-ақ, еліміздегі Түркия елшілігінде көңіл айту кітабы ашылып, оған мемлекет басшысы арнайы барып қайтты.