Текеліде полицейлер қашқан тұрғынның көлігін оқ атып тоқтатты
Текеліде полицейлерден жалтармақ болған азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды Arbat.media ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен Текелі қаласының 24 жастағы тұрғыны әкімшілік қамауға алынып, айыппұл салынып, жүргізуші куәлігінен айырылғар.
Mitsubishi Delica көлігін тізгіндеген ер адам 3 маусым күні Текелі қаласында мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған болатын. Жүргізуші тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талабын елемей, үлкен жылдамдықпен жасырынуға тырысқан.
Патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті қуып жетіп, табельдік Макаров пистолетінен көліктің дөңгелегіне оқ атып, тоқтатуға мәжбүр болды. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес құқық бұзушы 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 20 тәулік қамауда болады, - деп жазылған ІІМ баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Бұдан бөлек, соттың қаулысымен оған ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабына сәйкес 30 АЕК сомасында әкімшілік айыппұл салынған.