Қарағанды облысында пәтердегі өрт кезінде "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының заңгерінің денесі табылды
Қарағанды облысынындағы Шахтинск қаласындағы көпқабатты үйдің пәтерінде болған өт кезінде әйел адам қайтыс болды, деп хабарлайды Arbat.media.
ТЖД қызметкерлері өртті сөндіру кезінде 54 жастағы әйелдің денесін тауып алған. Кейін оның «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының заңгері екені анықталды. Мәлімет бойынша марқұмның денесінде пышақ жарақаты болған.
23 сәуір сағат 13:01-де Шахтинск қаласында Жеңіске 40 жыл көшесі, 79-шы үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Бес қабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтерде жалпы ауданы 6 шаршы метр аумақта жиһаз бен үй заттары өртенді. Өрт орнынан 1969 жылы туған әйелдің денесі табылды. ТЖ департаментінің күшімен кіреберістегі пәтерлерден 9 адам эвакуацияланды. Өрт 13:25-те оқшауланып, 13:31-де толық сөндірілді. Оқиғаның мән-жайы мен өрттің себебі анықталып жатыр, - деп хабарлады Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Марқұмның денесіндегі пышақ жарақатына байланысты полиция «кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта кінәлі адамды және болған оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды,-деді Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.