Placeholder
Новости Казахстана30 мая 2023, 16:03

"Өзенмұнайгаз" АҚ директоры әріптестеріне реніш білдірді

"Өзенмұнайгаз" АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездесуде топқа бөлініп, жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтіндерді сынға алды, деп хабарлайды Arbat.media.

Нұрдәулет Қилыбай компанияға жұмысқа бір адамды алудың қандай қиын екенін атады. Себебі, шешім қабылдауда жан-жаққа тартатындардың қатары мекемеде жетіп артылады-мыс.  

Осы жерге келгеніме 3-4 ай болды. Менің де ішіме көп нәрсе толып қалды. Қазір ауызбен емес, жүрекпен сөйлесейік. Ақиқатты айтайық. Шындарыңызды айтыңыздаршы, негізінде «Өзенмұнайгаз» айрандай ұйып отыруы тиіс компания. Ауызбіршілік бар ма? Жоқ, - деді Нұрдәулет Қилыбай кездесу барысында. 

Компания басшысы жеке өзін сырттан келген адамсың деп шеттетіндердің барын жасырмады.  

Орталарыңыздан шыққан бір жігіт басшылықта отырса, сол әділетті болар еді. Егер ауызбіршілік бар болса, сол жігіт отырар еді.  Ауызбіршілік болмай, менде сырттан келіп отырмын. Өкінішті нәрсе. Сырттан келіп, мұнай саласын басқарып отырмын, - деді Н.Қилыбай.

Бұған дейін облыс әкімшілігінде қызмет еткен жаңа басшы жігіттердің өзара алауыз екенін алға тартты. 

Ұнаймын ба, ұнамаймын ба, мен келдім. Қазақпын,  қазақ тілін жетік меңгерген адаммын, Маңғыстаудың тумасымын, осы жақтың салт-дәстүрін бір адамдай білемін. Демек, мен сіздерге бөтен емеспін. Сондықтан жігіттер, ауызбіршіліктің болмауы көп нәрсеге кедергі келтіріп отыр. Маған кеше біреулер «кет» дейді. Мен орнымнан кетпеймін. Менің алда қойған мақсаттарым бар. Жаңаөзен қаласында 3-4 зауыт салып бергіміз келеді. Күнделікті құрылғыларды шығаратын зауыт салып, Жаңаөзен жастарын жұмысқа кіргізсек деймін. Біз сіздерге арнайы техника алып бергіміз келеді. Ақша жоқ деп айтады, - деді ол. 

Компания менеджері әріптестеріне ренішін айта келе, кейбір нәрселерге қатысты мәселені шешуде оның балама жолын қарастыру керектігін атады.  

Жаңаөзен тұнып тұрған әулиенің ортасында тұр. Кіріп келе жатқанда «Құрмаш ата» жатыр, бері қарай келсең «Теңге әулие», мына жақта «Баһадүр» жатыр, ар жағында «Шопан ата», оның ар жағында бүкіл әлемді мойындатқан «Бекет ата» жатыр. Тыныштандырайық, жігіттер. Әруақтар тыныш жатсын. Егер мына жерде отырған жігіттердің бабалары біреуі Түркіменстанда, біреулерініңкі Өзбекстанда, бірлеулеріміздің бабаларымыз осы Маңғыстауда жатыр. Егер Алла Тағала жерге сиқыр жіберіп, әруақтарды оятатын болса, сол шалдар бәрімізді соятын еді, - деді ӨМГ бас директоры.

Ол өз іштерінен бөлініп, бір-бірімізді шеттетуді қоймасақ, жағдай жақсармайтынын атап өтті.

Бөлінбеу керек. Сол бөлінудің кесірінен зардап шегіп отырмыз. Жаңаөзен – алақандай қала. Мен үнемі айтамын және сенемін. Жаңаөзенді біреулер жақтырмайтын шығар. Бірақ бір күні Жаңаөзеннің жігіттері елге өнеге болатын заман келеді. Ол үшін бірігуіміз керек, - дедіНұрдәулет Қилыбай.

Нұрдәулет Қилыбай қаңтар айының соңында "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның бас директоры болып тағайындалды. Оған дейін ол Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Ақтау қаласының әкімі, "Қазақстантеміржолы" АҚ секілді компанияда басшылық қызмет атқарды. 

 

Өзенмұнайгаз Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен

Новости по теме