Өскеменде үшінші қабаттағы балкон қирап адам құлады
Өскемен қаласында әйел адам үшінші қабаттан құлады. Ол үйдің балконда тұрғанда аяқ астындағы бетон опырылып сынып кеткен, деп хабарлайды Arbat.media.
Оқиға 18 мамыр күні сағат 15:30 шамасында Қазақстан көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйде болған. Қазақпараттың жазуынша, үшінші қабаттағы балкон кенеттен қирап кеткен. Ал сол уақытта балконда тұрған әйел жерге құлаған.
Дегенмен, қала тұрғыны оқыс оқиғадан аман қалды. Белгілі болғандай, сол сәтте үйде қаршадай бала қараусыз қалған.
Зардап шеккен әйелді жедел жәрдем қызметкерлері шұғыл түрде ауруханаға жеткізді. Ал баланы оқиға орнына жеткен туыстары алып кетті. Қазір әйелдің жағдайы жақсы, ол тексеруден өтіп жатыр. Денесінде сынық немесе басқа да ауыр жарақаттар жоқ, - деп хабарлады ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.