Новости Казахстана6 марта 2023, 15:15

Қарағанды облысында 102 жастағы әже үй шаруасын атқарып жүр

Қарағанды облысында 102 жастағы қария қар күреп, үй шаруасын өзі атқарып жүр, деп хабарлайды Arbat.media.

ҚазАқпарат  Абай ауданына қарасты Құлайғыр ауылында ғасыр жасаған Сәбилә Орманбаеваның қарттығына қарамастан малды өріске жіберіп, тамақ жасау тірлігін әлі өзі істейтіні туралы жазды.  

Абай ауданының ең қарт 102 жастағы тұрғыны Сәбилә әже қыста таңды үй ауласының қарын тазалаумен бастайды екен. Жасынан еңбекке араласып, қара жұмыстың қазанында қайнаған кейуана 30-жылдардың аласапыранында егін салып, шабындықта шалғы шауып, шөп үйген. 17 жасында Құлайғыр ауылында сауыншы болып еңбек етеді. Күніне 30-дан астам сиыр сауған кездері көп болғанын айтады.  

Біз таңертең ерте тұратынбыз, өйткені 30-дан астам сиырды сауып үлгеру керек болатын. Мен сауыншы қыздардың қатарында ең жылдам болдым және сауған сүтім таза болатын. Сондықтан, мен екі есе көбірек жалақы алдым. Жұмыс талғамайтынмын, барлығын істеп жүре беретін едім, - дейді Сәбилә әже.

Сәбилә Орманбаева 9 баламен жесір қалған. Күндіз ұжымшардың таусылмайтын жұмысы, түнде үйдің шаруасымен айналысып, ұршық иіріп, киім тоқып, перзенттерін өсіріп қатарға қосқан. Ғасыр жасаған ана "осы уақытқа дейін тың болуы тынымсыз тірліктің арқасы" екенін айтады.

Әрқашан жұмыстан үйге жүгіретінмін. Тіпті, көршілерге барып, шай ішуге уақыт болмайтын. Мен үшін басты мақсат – балаларымды тәрбиелеп, жеткізу болды, - деп еске алады ғасыр жасаған әже.

Озат сауыншы  болған ол зейнеткерлікке шыққан соң да кәсібін жалғастыра берген. Ірі қара ұстап, 100 жасына дейін сиыр суып, өнімін жаратқан екен.

Былтырға дейін екі сиыр саудым, бұл мен үшін еш қиын болған жоқ. Мен қазір де үйді жинап, пеш жағып, еден жуамын, қол қусырып отырғанды ұнатпаймын, - дейді зейнеткер апа.

Сәбилә Орманбаева Еңбек даңқы орденінің игері. "Алтын алқа" және "Ана Даңқы" медальмен марапатталған.  

Денсаулық жарап тұрса, көңіл-күйім де көтеріледі. Мен ешқашан ауырмадым, уколдардан қорқамын. Бірақ, қазір қажет болған жағдайда дәрі ішемін, - дейді Сәбилә апа.

Еңбек адамы бүгінде жапырағын жайған бәйтерекке айналды. Тоғыз баласынан 25 немере, 6 шөбере сүйіп отыр.

 

Әже Ғасыр 102 жас Қарағанды облысы

Новости по теме