Қазақстандық ауыр атлет Владимир Седов өз-өзіне қол салып қайтыс болды
Қазақтандық белгілі ауыр атлет Владимир Седов 35 жасында өмірден өтті. Белгілі болған ақпарат бойынша спортшы өз-өзіне қол салған, деп хабарлайды Arbat.media.
Құқық қорғау органының қызметкерлері оның мәйітін өзі тұрған Достық ауылындағы үйінен тапқан. Оның денесін тексеру барысында зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 105 бабы бойынша "Өлтіруге дейін апару" кодексі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмыстық іс аудандық полиция бөлімі басшының тікелей бақылауына алынды, - деп жазылған ПД таратқан ақпаратта.
Владимир Седов – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Ол 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысқан. Қазақстан чемпионаттарының көп дүркін жеңімпазы және рекордшысы. Спорттағы айтулы жетістігі үшін "Құрмет" орденімен марапатталған.
2019 жылдың желтоқсан айында халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) ресми түрде қазақстандық ауыр атлеттің 2008-2016 жылдар аралығында иеленген барлық медальдарын допинг препаратын қолданғаны үшін кері қайтарып алған болатын.
2016 жылдың жазында IWF пен бүкіләлемдік допингке қарсы (WADA) агенттік Седовты тексеру кезінде оның қанынан "станозол" препаратын тапқан. Тергеу аяқталғаннан кейін ол спорттан 2 жылға дейін шеттетілді. Кейін Владимир Седов екінші рет допинг тұтынғаны үшін үлкен спорттан 8 жылға дейін аластатылған болатын.