Жоқ мал үшін субсидия алған депутат тергеуге ілінді
Ақтөбе облысында аудандық мәслихат депутаты жоқ мал үшін заңсыз субсидия алып келген, деп хабарлайды Arbat.media.
Ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша қазір аудандық мәслихат депутатына қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі Ақтөбе облыстық департаменті сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Шаруа қожалығы атынан шын мәнінде жоқ болған малға субсидия алуға өтініш берген. Сондай-ақ, бұл азамат "Сыбаға" мемлекеттік бағдарламасы бойынша "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ 600 бас ірі қара мал сатып алуға берген несие қаражатын заңсыз алған. Осылайша, жалпы шығын көлемі 457 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта бұл азамат ұсталып, оған қатысты «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды, - деп жазды Антикордың Ақтөбе облыстық департаментінің баспасөз қызметі.