Новости Казахстана31 марта 2023, 18:36

Жетібайда жолды жауып тастағандар тек мұнай-газ саласында еңбек еткісі келеді

Маңғыстау облысының Жетібай кентінде жұмыс сұрап, жолды жапқан тұрғындар тек мұнай-газ кешенінде еңбек еткісі келеді. Бұл туралы талап қойғандар мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.media

Бірнеше күннен бері Жетібай кентіндегі кен орны маңында жұмыссыз тұрғындар талап қойып, аштық жариялады. Олармен әкімдік қызметкерлері кездесіп, мәселені шешуге тырысқанымен наразылыққа келгендер тек мұнай компасынан жұмыс сұраған. 

Осында тұрғанымызға үш төрт күн болды. Ешкім келіп біздің жағдайымызды білмеді. Жалғызбасты адаммын. Ауылдан 200-300 адам жұмыс сұрап, осын жерде отыр. Нақты талабымыз - мұнай саласына жұмысқа алса дейміз. Осы жерде тұрған соң жұмыс сұрап отырмыз. Халықтың бәрі осыны сұрайды. Бір жылдан бері үйде жалғыз тұрамын. Айналысатын жұмысым жоқ. Себебі ақша жетіспейді. Кезінде оқуға түсе алмадық. Күнкөріс қиын, - дейді Жолдасбай Руслан.

Көп балалы ана Тазагүл Кашкенова да Жетібайдағы талап қойғандармен бірге жұмыс сұраған. 

Жетібай тұрғынымын. Көп балалы анамын. Өзіме жұмыс сұрадым. Үлкен балам үйленген, үш баласымен күнін көре алмай Ақтауға жұмыс іздеп кетті. Жолдасым жақында қайтыс болған. Құдайы асын әркімнен көмек сұрап зорға өткіздім. 2009 жылдан бері Жетібайда тұрамын. Балаларымды жағдай болмай оқыта алмадым. Олар мекемелерге барып жұмыс сұраса, еңбек өтілін сұрайды. Жұмыс істемесе, ондай өтіл қандай болады? Бұл туралы талай мәрте айтып жүрміз. Бұған дейін жекеменшік шағын кәсіпкерлікте істедім. Одан алатын 70-80 мың теңге күн көруге жетпейді, - деді Тазагүл Кашкенова.  

31 наурызда Жетібайда тұрған талап қоюшылармен  "Альянс LTD", "Ақ жол құрылыс", "АЙКОМ LTD" компанияларының басшылары кездесу өткізген. Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, олар Жетібай ауылындағы жолды жауып тастаған ауыл тұрғындарына өз компанияларынан жұмыс ұсынды.

Құрылысшылар әртүрлі жұмыс орындарын ұсынып отыр. Оның ішінде жартылай тіркеме көлігінің жүргізушісі, электрик, дәнекерлеуші, учаске бастығы, асфальт төсеу машинисі, жеңіл көлік жүргізушісі, бульдозер машинисі, жүк тиегіш машинисі, жүк көлігінің жүргізушісі, тас қалаушы, сылақшы, бетоншы секілді мамандықтар бар. Әкімдік мәліметі бойынша, бос жұмыс орындарының ең төменгі жалақысы - 223 мың теңге көрінеді. Ал ең жоғары жалақы-450 мың теңге шамасында болып отыр.

"LTD Альянсының" директоры Асқар Керелбаевтың айтуынша ұсынылып отырған бос жұмыс орындары тұрақты жұмыс болып саналады. Себебі, өңірдегі құрылыс маусымы ұзаққа жалғаспақ. Дегенмен, талап қоюшылар тек мұнай саласына жұмысқа орналастыруды сұраған. Ал әкімдік мұндай талапты орындау қазіргі жағдайда мүмкін емес екенін бұған дейінгі кездесуде айтқан. 

27 наурыз күні Жетібай кентінің тұрғындары талап қойып, жолды жапқан еді.  Соңғы он жылға жуық уақыттан бері мұнай-газ кешеніндегі компаниялардың штатына жұмысшы алуға мораторий жарияланған. Бұл ретте компаниялар қажетті жұмысшыларды аутсорсинг арқылы қабылдап, адам санын толтырып келеді. Соған қарамастан, өңірде мұнай компанияларына жұмысқа орналасуға ниетті адамдардың қарасы өте көп.  

 

 

Жетібай Мұнай жұмыс Талап қою

Новости по теме

Ссылка скопирована в буфер обмена!