"Жердің бәрі әкімдікі!". Мәжіліс депутаты министрге облыстардағы жер иелерін атады
Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов облыстардағы жерлердің басым бөлігі әкімдерге тиесілі екенін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.
Депутаттар алдында заң жобасын әкелген ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев депутаттардың сауалы жауап берді. Үкімет мүшесі пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығына арналған жерлерді мемлекетке қайтарылып жатқаны туралы айтты. Алайда оған халық қалаулысы сенбейтінін жеткізді.
Мына жердің иелерін тақтаға жазып қоюға не кедергі? Өскеменге барсаңыз, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, ал Павлодарға барсаңыз Болат Бақауовтікі. Астананың маңайындағы жерлер Өмірзақ Шөкеевтікі. Оны айтуға бәрі қорқып отыр, - деді Берік Дүйсембинов.
Депутат еліміздің қай облысқында да жолдың оң және сол жағыәкімнің жері екенін алға тартты. Қайтып жатқан жер жоқ екенін жеткізген ол мал ұстап, егін егіп отырған кісілер жерге зәру болып отырғанын тілге тиек етті.
Сіздің баяндамаңызда айтылған мыңдаған гектар жер қайтарылды деген сөздің бәрі — өтірік. Халықтың бәрі наразы болып отыр. Мал бағып отырғандарға жер жетпей жатыр. Сіздер осы әдемі баяндаманың орнына осыны қашан қолға аласыздар. Аты-жөнін жазыңыздар, - деді депутат
Алайда министр бұл уәжбен келіскен жоқ. Оның айтуынша, базадан жерге қатысты мәліметті алуға болады.
Кез келген сайттан қарауға болады. Егер ол мемлекеттік резервте болмаса, кімге, қандай ұйымға немесе фермаға тиесілі екендігі көрінеді. Бұл да бұрын болмаған жұмыс, - деді Ербол Қарашөкеев
Сонымен бірге, министр 2022 жылы 5,2 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылғанын айтып отыр.