Жамбыл облысында мұғалімдер 24 млн теңгені заңсыз иеленген
Жамбыл облысында 250-ден астам мүғалім 24 млн теңге көлемінде заңсыз жалақы алған. Бұл әрекеттері үшін тәртіптік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Arbat.media.
Қаржы облыстағы 225 баланы үйде оқыту үшін бөлінген, бірақ мақсатсыз жұмсалған. Мұндай заңсыздық Жамбыл облысының 6 ауданында, ең көбі Байзақ ауданында анықталды. Ондағы 26 мектептің 30-ға жуық мұғалімі өткізбеген дәрістері үшін 11 миллион 200 мың теңге жалақы алған. Заңбұзушылықты прокуратура өкілдері анықтады. Осы іске қатысы бар делінген 253 білім саласының қызметкері жауапқа тартылды.
50-ден аса мектеп директоры, 6 аудандық білім бөлімінің басшысы, 100-ден аса мектеп директоры орынбасарлары тәртіптік жауапқа тартылды. 24 миллион теңге бюджетке кері қайтарылды, – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Еркін Қуанышев.
Облыста 8 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 10 пайызы үйден оқытылады.