Тоқаев Қазақстандағы ғылымның дамымауының негізгі себебін атады
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ғалымдарме кездесуде отандық ғылымның неліктен дамымай отырғандығын атады, деп хабарлайды Arbat.media.
Мемлекет басшысының төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында бірқатар мәселелер айтылды.
Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Сол себепті менің Жарлығыммен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оған Президент жанындағы кеңес мәртебесі берілді, деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар, еліміздегі ғылымның ахуалын өзге посткеңестік елдердегідей шабандап қалғанын айрықша атаған.
Қазақстан басқа посткеңестік мемлекеттер секілді ғылым дамуының «мобилизациялық модель» парадигмасынан шыға алмай қалды. Жоспарлау мен басқарудың шектен тыс орталықтанған жүйесі, мемлекеттік қаржыландыруға тым тәуелді болу, ҒЗТКЖ-ға бизнес тарапынан сұраныстың аз болуы, кадр тапшылығы, әсіресе жас мамандардың ғылымнан кетуі – осы модельге тән проблемалар, – деді президент.
Сонымен бірге, мемлекет басшысы ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатқандығымызды алға тартты.
Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек. Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған. Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі, деді Қ.Тоқаев.