Тоқаев Германия президентімен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді қабылдады, деп хабарлайды Arbat.media.
Президенттер қазақ-герман стратегиялық серіктестігінің жай-күйі мен даму перспективаларын талқылаған. Саяси диалогты нығайтуға, сауда, экономика, инвестиция, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылғаны айтылды.
Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында өзара іс-әрекетті жандандыру, мұнай және газ, жасыл энергетика, өнеркәсіп салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту маңызды екені белгілі болды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Тет-а-тет форматындағы келіссөздер достық рухында өтті және конструктивті әрі мазмұнды болды. Екіжақты экономикалық күн тәртібінің бірқатар бағыты бойынша ынтымақтастықты арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.