Тоқаев Алматыда сейсмоаудит жүргізу жоспарын құптады
Алматы әкімін қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев қалада сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдады, деп хабарлайды Arbat.media
Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беру барысында Президент қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсынылған шаралар мен биылғы екінші жартыжылдықта сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдаған.
Бұл мегаполистегі нысандардың құжаттарын жаңартуға мүмкіндік бермек. Сонымен бірге, Мемлекет басшысына қала ішінде "жасыл дәліздер" жасау үшін Дүниежүзілік банкпен бірлесе әзірленіп жатқан іс-әрекет жоспары бойынша баяндаған. Бұл бастама аясында жасыл желегі мол аумақтардың ауданын ұлғайту, соның ішінде өзен арналары мен каналдар бойын көгалдандыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Ерболат Досаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаланың 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарын әзірлеудің негізгі тәсілдері жөнінде айтқаны хабарланды. Оны дайындау барысында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 қарашада Алматы жұртшылығымен кездесуінде айтқан тапсырмалары ескерілген.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев нақты табыстың артуын қамтамасыз етуге және қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шараларды күшейту жөнінде тапсырма бергені айтылды.