Төлеутай Рахымбеков асырап алған қызын сотқа бермек
2019 жылы ҚР президенттігіне кандидат болған Төлеутай Рахымбековтің қызы әкесінің үстінен шағым білдіріп, Президенттен көмек сұрады, деп хабарлайды Аrbat.mediа.
Айбота Рахымбекова әлеуметтік желіде жазба жариялап, онда мемлекет басшысынан бастап нағашыларына дейін көмек сұрады.
"Құрметті Қазақ елі, Президент мырза және анамның туыстары! Осылай ақтарып салғаным үшін сіздерден кешірім сұраймын. Бірақ менің басқа амалым қалмады. Ішімдегі 8 айлық баламен, Төлеутай Рахымбеков мені далада қалдырды. Анам марқұмнан қалған бүкіл дүниенің (мұрагерлік үлесімді) барлығын мені алдап-арбап тартып алды. Маған көмектесіңіздер, ағайын, журналистер, қоғам белсенділері, қоғамдық ұйымдар және Президент мырза!", - деп жазды Ақбота Рахымбетова.
Аталған мәселеге қатысты Төлеутай Рахымбековке бірнеше рет хабарласқанымызбен телефон тұтқасын көтермеді. Алайда Malim.kz-тің жазуынша, Ақбота Рахымбекова экс-кандидат Төлеутай Рахымбековтің туған қызы емес көрінеді. Ол оның марқұм әйелінің туыстарының баласы әрі соңғы жеті жыл бойы туыстарымен тұрған.
"Нашақор мен маскүнемге сенуге бола ма? Ол 7 жыл бойы бізбен бірге тұрмады. 2015-2020 жылдар аралығында ем қабылдады. Бұның барлығын құжат жүзінде рәсімделген. Ол әр кезде тұтыну үшін ақша сұрайды. Мен оған сұрағанын бермедім. Енді не істеу керек? Есірткі мен алкогольге тәуелді болған адамның сөзіне сенуге бола ма? Ол мені сотқа берді. Алайда ол аудандық сотта жеңілді", - деді Төлеутай Рахымбеков.
Оның айтуынша, олардың ісін Астана қаласының Алматы аудандық соты қараған.
"Кезінде оны асырап алуға келісім бергенім ақымақтық болды. Менің Салтанат есімді өзіммен бірге тұратын жалғыз қызым бар. Мен осы жағдайдан кейін айыптау үшін оны сотқа беремін", - деп отыр Т.Рахымбеков.
Саясаткердің пайымынша, бұл істің артында Айботаның жақын туыстары тұрған болуы мүмкін.
"Олар менен мұраға қалған мүліктің өзіме тиесілі бөлігінен бас тартуымды сұрап отыр. Бар мәселе осыда. Соттың барлық құжаттары менде бар. Құжат жүзінде бекітілгендіктен мен одан қорықпаймын. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарының алдында маған қарсы топтың бары айтылды. Құдайға шүкір, адамдар мені және отбасым туралы біледі", - дейді Төлеутай Рахымбеков.
Айта кетейік, Төлеутай Рақымбеков "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Президенттікке сайлауға түсіп, 3,04 пайыз дауыс жинаған.
Жұбайы Қазақстан Азаматтық Альянсінің бұрынғы басшысы Салтанат Рахымбекова 2020 жылдың жазында қайтыс болған.