Телеайтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерманның бағдарламаны қалай жапқанын айтып берді
Кезінде "Қазақстан" ұлттық арнасында айтыс жүргізіп, көрермен көзайымына айналған бағдарлама жетекшісі Ертай Нүсіпжанов ақын Жүрсін Ерман өзінің жолын қалай кескенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы белгілі журналист әлеуметтік желіде жазба жариядады. Ол бұл жолы «Неге бұрынғыдай айтыс ұйымдастырмайсыз?» деген сауалды жиі қоятын көрермендерге жауап берген.
2006-2007 жылдары Қазақстан телеарнасында алғаш «Айтыс – Қазақстан чемпионаты», кейін «Аламан айтыс» болып 2 жыл қатарынан сенбі, жексенбі күндері тікелей эфирде ақындар айтысы болғанын көпшілік біледі. Сол уақытта халықтың ең сүйікті бағдарламасы болды. Ежелден келе жатқан сахналық айтыс телевизиялық, жаңаша сипат алды. Төл өнердің тынысы ашылды. Бірақ жоба басталғалы белгілі ақын Жүрсін Ерман қарсы болды. Бағдарламаның екінші маусымында Ж.Ерман ұлттық арнаға директор болып келіп, біздің ұжымды жұмыстан қуып, айтысты жабуға күш салды. Сол кездегі төраға С.Әбдіхамитовке «Не Ертай кетеді, не мен кетемін» деп серт қойыпты. Оны маған төраға шақырып айтты. Басталып кеткен бағдарламаның бел ортасынан тоқтатудың реті жоқ. Сол жолы мен емес, жұмыстан Ж.Ерман кетті. Алайда ырду-дырду болған айтысты ұжымдағы 5-ақ адам әупірімдеп жүріп аяқтадық. Сөйтіп, телеайтыс «қайтыс болды», - деді Ертай Нүсіпжанов.
Кейін ол жоба жабылған соң араға он жыл салып қайтадан ашудың орай келген. Тіпті, Ұлттық арнаның қазіргі басшысы Ләззат Танысбаймен келісімге келген.
Қателеспесем, 2018 жылы ғой деймін, қазіргі телеарна төрайымы Л.Танысбай шақырып, эфирге телеайтыс шығаратын болып шешім қабылдадық. Арна директоры Еркін Мұхамеджанов бар бәріміз бірнеше рет кездесу ұйымдастырып, бағдарлама концепциясын бекіттік. Алматыға қайтып, шығармашылық дайындық бастап кеттім. Көп ұзамай жоба жасалмайтынын естідім. Кейін экранға Ж.Ерманның облыстардағы сахналық айтысы шықты. Түсіндім..., - деді Ертай Нүсіпжанов.
Былтыр ол "Еуразия" арнасында өз жобасын ұйымдастыруға мүмкіндік алған. Алайда бәрі жақсы басталғанда айтыс жүргізуші ретінде танымал ақын Жүрсін Ерманның тарапынан қысым басталған көрінеді. Сол кезде оған президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай қолдау көрсетіп, айтыстың ешкімнің меншігі еместігін атаған.
2022 жылы Еуразия телеарнасынан айтыс көрсету мүмкіндігін алдым. Айтыстың халық сүйіп қарайтын бағдарламасы екенін орыстарға түсіндірдім. Жоба концепциясын жарты жылдай талқыладық. Аймақтарда айтыс лигасын өткізіп, жыл соңында үздік шыққан ақындардың айтысын – финалды тікелей эфирде көрсететін болып шештік. Жүрсін ағаның тоқырау заманында айтысты қалай сақтап қалғанын, қаншама тер төккенін жұрт біледі. Біз де білеміз. Оған еш дау жоқ. Осы жолы да «Аға, қазылар құрамында өзіңіз болыңыз. Ақыл-кеңесіңіз керек...» деп Ж.Ерманның алдынан өттік. «Ондай деген әңгіме жоқ. Кім сендерге рұқсат берген?! Қазір жаптырамын мен» деп телефонда дүрсе қоя берді. Жолын тауып, араша сұрап Президент әкімшілігіне шықтық. Қазіргі Президент баспасөз хатшысы Р.Желдібай маған қоңырау шалды. «Айтыс ешкімнің меншігі емес. Біз қолдаймыз. Қаймықпай жасай беріңіз» деді. Түйін шешілгендей болды. Қуандым, - дейді Е.Нүсіпжанов.
Бірақ соған қарамастан бағдарлама басталған Ертай Нүсіпжановқа Жүрсін Ерман телефон соғып, үркітіп, қысым көрсеткенге ұқсайды. Тіпті, ол өзінің мүмкіндігін пайдалана отырып, бағдарламаны жаптырып тастаған.
Келісімшарт жасалды. Түсірілім жұмыстарын бастағалы жатырмыз. Біреу уатсаптан қоңырау шалды. Сөйтсем, Ж.Ерман екен. Айтпаған, үркітпеген сөзі қалмады... Бар-жоғы екі бағдарлама түсірдік. Айтыстың болмайтыны туралы ақпарат алдым... Дайын бағдарлама ел көрілмейтін уақытта, жарнамасыз берілді. (Үзінді видеода). Еңбек зая кетті, декорацияға жұмсалған ақша көкке ұшты. Айтыстың тамырына тағы солай балта шабылды. Ж.Ерманның «связі» мықты екен. Айналайын, қазағым. Айтыс, төл өнер – халықтікі. Оған қызмет етуіміз мүмкін. Бірақ ешкім оған иелік етуге хақысы жоқ. Әкемізден қалған мансап емес, атадан қалған мұра. Халықтың мұң-мұқтажы айтылатын жалғыз платформа. Билік пен халық арасындағы алтын көпір, - дейді тауы шағылған журналист.
Жүрсін Ерман соңғы жылдары қатты ауырып жүргенін айтып, шетелде емделген болатын. Соңғы кездері көрермен оны СҚО-да өткен Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойында мүгедектер арбасында отырғанын байқаған.
Поделиться
Читать Arbat media в