"Тек мұнай компаниясынан жұмыс!". Жаңаөзенде аштық жариялағандарға әкімдік жұмыс ұсынды
Жаңаөзенде аштық жариялаған жұмыссыздарға еңбекақысы 280 ден 140 мың теңгеге дейінгі бос жұмыс орындары ұсынылды, деп хабарлайды Arbat.media.
Қала әкімдігі аштық жариялаған Жаңаөзен тұрғындарына "Жұмыс жасаймын" өңірлік бағдарламасы аясында жұмысқа орналасудың түрлі нұсқалары ұсынылды. Тұрғындар жұмыс жасай жүріп, мұнай саласына жұмысқа орналасу кезегін күте алатыны айтылды.
Қазіргі уақытта Жаңаөзендегі 13 компания жұмыссыздарға 200-ден астам түрлі бағытта бос жұмыс орындарын ұсынған көрінеді. Оның ішінде, сәулетші, өндіріс инженері, call-орталық операторы, кассир-бухгалтер, асхана қызметкері, автослесарь, менеджер, электрик, сату менеджері, клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер, сатушы, тазалық қызметкері, әкімші секілді мамандықтар бар.
Оның ішінде ұсынылған бос жұмыс орындарының ең жоғарғы жалақысы 280 мың теңге болса, лауазымына, біліктілігінің болуына байланысты ең төменгі жалақы 140 мың теңгені құраған.
Көптеген бос жұмыс орындары үшін жоғары білім қажет емесү Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қызметкерлері жиналғандарға қолда бар жұмыс орындарына жұмысқа орналасуды және мұнай-газ саласына жұмысқа орналасу алгоритмі шеңберінде өз кезегін күтуді ұсынды. Алайда жұмыссыздар жалпы кезекті айналып өтіп "Өзенмұнайгаз" АҚ-на жұмысқа орналасуды талап етті, - деп жазылған Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.