Шымкентте қоршаған ортаға зиян келтірген 7 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды
Шымкент қаласында қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 7 кәсіпорын соттың шешімімен жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Arbat.media.
Otyrar.kz-тің жазуынша, "Ордабасы" және "Оңтүстік" индустриал аймағында орналасқан өндіріс орындарының кемшіліктері сол маңға жақын қоныстанған тұрғындардың шағымынан соң анықталып отыр.
Енді аталған кәсіпорындардың өндірістік технологиясы толық жетілмейінше, жұмысын қайта бастамайды.
Өткен жылы қаладағы кәсіпорындарда экологиялық талаптарды бұзудың 161 дерегі тіркелген болатын. Олар табиғатқа 33 мың тоннадан астам зиянды қалдық тастағаны белгілі болды.
Департамент тарапынан 2022 жылдың 12 айында индустриалды аймақтардағы 18 кәсіпорынға тексеру жүргізіліп, жалпы соммасы 58 миллион теңгеден астам 48 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш тексеру бойынша 2 есе, айыппұл бойынша 4 есе артқан, - деді Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Берік Сәтенов.