СҚО-дағы психикалық орталықтан қашып кеткен азамат көп ұзамай табылды
СҚО-дағы психдиспансерден қашып кеткен 29 жастағы ер адам табылды, деп хабарлайды Arbat.media.
Polisia.kz-тің жазуынша, 21 сәуір күні Тайынша ауданының полиция бөліміне қалалық психикалық денсаулық орталығының аумағынан 29 жастағы адамның шығып кеткендігі туралы хабарлама түскен.
Полицейлер іздестіру іс-шараларына бірден кірісіп, сонымен қоса, еріктілер көмекке келді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 25 сәуірден 26 сәуірге қараған түні жоғалған адамның орналасқан жері анықталды. Оны Тайынша ауданы полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Дархан Сағидула Ақмола облысы Мариновка ауылынан тапқан. Ер адам Тайынша қаласынан жолға шығып, Астанаға кеткені белгілі болды. Сол жерден алыс туыстары оны Мариновкаға жіберген. Сол мекенжайдан полиция қызметкері тапқан. 26 сәуірде ол Тайынша қаласына аман-есен жеткізіліп, психикалық денсаулық орталығының басшылығына тапсырылды, – деп жазылған ІІМ баспасөз қызметі таратқан мәліметте.