СҚО-дағы өрттен кейін Петропавл әкімі сөгіс алды
Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының отырысында сөгіс алды, деп хабарлайды Arbat.media.
Шенеунік өрттің алдын алуда тиісті жұмыстың жасамағаны үшін кінәлі деп танылған. Мәселен, қураған шөпті шауып, жою үшін бюджеттен жылда қаражат бөлінеді. 2023 жылы осы мақсатқа 67 млн теңге жоспарланымен тиісті жұмыс әлі жүргізілмеген көрінеді.
Қала әкімі жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған. Қураған шөп-қамыс дер кезінде шабылмаған. Осындай жауапсыздықтан тұрғындар баспанасыз қалды. Бар мүлкінен, құжаттарынан айырылды. Мұның алдын алуға болар еді, егер де тиісті жұмыс уақытында жүргізілсе. Арнайы қаржы бөлінбесе, ақша болмаса мен түсінер едім, - деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров аппарат отырысында.
7 мамыр күні Петропавлдағы Береке ықшам ауданында қураған қамыс отқа оранған еді. Сол күні қатты жел тұрып, тілсіз жауды ауыздықтауға үш сағаттан астам уақыт жұмсаған. Нәтижесінде 9 үй тұтас жанып кетіп, тағы екі нысанға зақым келді. Қазір аталған үйлер тұруға жарамайды. Салдарынан 11 отбасы баспанасыз қалып отыр.
Осы оқиғаға қатысты Петропавлда жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл далада қалған отбасыларға ҚР заңнамасы аясында келтірілген шығынды қысқа мерзімде өтеу үшін енгізген.
Қазіргі уақытта өрттен зардап шеккен тұрғындар уақытша баспанада тұрып жатқаны айтылды. Тәуелсіз сарапшылар тұрғындарға келтірілген материалдық шығынның мөлшерін есептеп жатыр. Сондай-ақ баспана иелеріне 100 АЕК мөлшерінде өтемақы берілетіні белгілі болды.