Сайлаудан кейін үкімет отставкаға кетеді - М.Әшімбаев
Парламент Мәжілісінің сайлауынан соң үкімет отставкаға кетеді, деп хабарлайды Arbat.media.
Stan.kz ақпарат агенттігінің жазуынша, Сенат отырысынан кейін төраға Мәулен Әшімбаев ҚР үкіметінң ауысуына қатысты пікір білдірді.
Үкімет қиын жағдайда жұмыс істеді. Инфляция өсті, біраз қарыздарды да бүгін айттық. Бюджеттің шығындарын, Ұлттық қордан алынатын ақшаларды қысқарту қажет екенін айттық. Бұл жерде үкімет осы мәселелерді ескеріп, келесі жылдың бюджетімен келген кезде осы мәселелердің барлығы бюджетте қарастырылады не қысқартылады деп сенеміз. Біз осыны қамтамасыз етуге жұмыс істейміз, - деді Мәулен Сағатханұлы.
Жоғары палатаның төрағасы алдағы сайлаудан соң үкімет тарайтынын мәлімдеді.
Біздің конституциямызға сәйкес жаңа сайланған мәжіліс жұмысына кіріскеннен кейін үкімет отставкаға кетеді және жаңа үкімет жасақталады. Президент кімді премьер-министр етіп ұсынады, қандай министрлер тағайындалатыны бұл президенттің құзіретінде. Келесі аптада бұл мәселе шешіліп қалар. Қазір үлкен сайлаудың алдында тұрмыз. Сайлаудан кейін президентіміз үкіметке байланысты шешімдер қабылдайды, - деді Сенат төрағасы.