Ринат Зайытов Мәжілісте Бекболат Тілеуханның бұрынғы кабинетіне жайғасты
Мәжілістің сегізінші шақырылымында депутат атанған Ринат Зайытовқа Мәжіліс ғимаратынан бұрын Бекболат Тілеухан отырған кабинет берілді, деп хабарлайды Arbat.media.
Ант қабылдап, алғашқы отырысқа қатысқаннан кейін Ринат Зайытов БАҚ өкілдерін кабинетіне ертіп апарды. Ол өзінің алда не істейтінін айта келе, бұрын бұл кабинетте кім отырғаннын жеткізді. Сонымен бірге, су жаңа депутат өнердегі жолы саясатқа келіп жоғалтқан Тілеуханның жолын кешпеймін деп қорықпайсыз ба деген сауалға жауап берді.
Бұл Бекболат Тілеуханның кабинеті болған. Әркімнің маңдайына жазылған өз жолы бар. Қазір мына жерге келіп "Ойбай, Бекболат Тілеуханның кабинеті болған екен, отырмаймын деп басқалар да келіп айтса жақсы ма? Одан ешқандай теріс, арам белгі көріп тұрған жоқпын, - деді Ринат Зайытов.
Депутат алда фракцияның жолымен жүретінін атады. Алайда ақиқатты айтудан тартынбаймын деп отыр.
Бұған дейін айтыскер ақын Ринат Зайытов Бекболат Тілеуханды қаңтар оқиғасының болатынын біле тұра халыққа ескертпеді деп айыптаған. Ал Бекболат Тілеухан өз кезегінде Ринат Зайытовты "Қосановты қолдады" деп айыптады. Екеуара ұзаққа созылған тартыстан кейін араға біршама уақыт салып Мәжілістің жаңа шақырылымында депутат атанған айтыскер ақын Ринат Зайытов осылайша Бекболат Тілеухан отырған кабинетте алдағы бес жыл бойы жұмыс істейтін болады.