Ресейде 32 адамның өліміне әкелген "Мистер сидр" сусыны елімізде сатылмағаны анықталды
Ресейде 32 адамның өмірін қиып, 90-ға жуық жан уланған «Мистер Сидр" алкогольдік сусыны Қазақстан аумағында сатылмағаны белгілі болды, деп хабарлайды Arbat.media.
Еліміздің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Мемкірістер комитеті мәліметіне сүйене отырып, Ресейде өндірілетін «Мистер Сидр» алкоголі аз сусыны Қазақстан аумағына әкелінбегенін, есепке алу-бақылау маркасы берілмегенін атады.
Комитеттің аумақтық департаменттеріне жеткізушілерден өнімнің қауіпсіздігін растайтын сәйкестікті бағалау құжатын талап ету, алкоголь импорттаушылар мен өткізушілерді ақпараттандыру тапсырылған.
Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа сәйкес, сусынның құрамында адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін метанол мен этилбутират бар, өнім заңсыз айналымда болған.
Бұған дейін Ресейдің Самара облысында "Мистер Сидр" алкогольдік сусынын ішкен адамдардың улануы мен өліміне қатытсты бірнеше дерек тіркелген еді. Кейін аталған өндіруші компания басшысының қамауға алынғаны анықталды.