ҚМДБ: Балиғат жасына толмаған қызға орамал тағу міндеттелмейді
ҚМДБ балиғат жасына толмаған қызға орамал тағу міндеттелмейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Осылайша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздардың мектепке басына орамал тағып баруына қатысты мәселеге жауап қатты.
Жылда оқу жылы бастала сала, қыздардың мектепке хиджабпен бару-бармауы қызу талқыланады.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пікірін қосып, мектеп формасы бұйрығын ұстануын айтқан.
Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әр ата-ананың мақсаты. Шариғатта балиғатқа толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз.
Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуі тиіс.
Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек.