Қайрат Сатыбалдының иелігіндегі қымбат қонақүй мемлекетке өтеді - Антикор
Еліміздің Антикор қызметі түрмеде жазасын өтеп жатқан Қайрат Сатыбалдының «Double Tree by Hilton Almaty» қонақүйін иеленуіне қатысты ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды Arbat.media.
Бұған дейін БАҚ және әлеуметтік желілерде «Double Tree by Hilton Almaty» қонақ үйін Қ.Сатыбалдыұлымен қоса адамдар тобының иемдену әрекеттері туралы ақпарат пайда болған еді. Осыдан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің сотталған Қ. Сатыбалдыұлы қылмыстық-атқару жүйесінің тиісті мекемесінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқанын мәлімдеді.
Бұл ретте оған қатысты салықтарды төлемеуге және қылмыстық кірістерді заңдастыруға байланысты қылмыстардың басқа эпизодтары бойынша тергеу жалғасуда. Тергеу барысында заңсыз шығарылған активтерді, сондай-ақ қылмыстық қаражатқа сатып алынған мүлікті қайтару бойынша шаралар қабылданады. Осыған байланысты Сатыбалдыұлына залалды өтеу мақсатында бизнес орталықтар, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық үй-жайлар, үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс нысандары, жер учаскелері, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс автомашиналар мен ақшалай қаражат мемлекетке беріледі, - деді Антикор қызметі.
Олардың қатарына 2021 жылдың қараша айында Сатыбалдыұлымен байланысты кәсіпорын сатып алған «Double Tree by Hilton Almaty» қонақ үйі кіретіні белгілі болды. Қазіргі уақытта осы нысанды мемлекет меншігіне қайтару барысы аяқталу сатысында тұр.