Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Астанада Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Arbat.media.
Сот отырысында прокурор айыпталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Гүлмира Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі, 28-бабы 3-бөлігі және 125-бабы 2-бөлігі 1,8-тармағында қаралған қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұраймын. Қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі бойынша – 6 жылға бас бостандығынан айыру, 28-баптың 3-бөлігі және 125-баптың 2-бөлігі 1,8-тармағы бойынша – мүлкінен айырусыз 8 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігінің негізінде неғұрлым қатаң жаза, яғни Сатыбалдының мүлкін тәркілеусіз 8 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын, - деді прокурор Азамат Сәрсембаев.
Мемлекеттік айыптаушы Г. Сатыбалды жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі абақтыда өтеуді де ұсынды. Бұған дейінгі сот отырыстарында сотталушы Қайрат Сатыбалдыұлымен ажырасқаннан кейін мемлекеттік органдарда жұмыс істегенін айтты.
Бүгінде Г.Сатыбалды кәсіпорындардың қатысу үлесін заңсыз иемдену, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі деректері бойынша тергеуге алынып, жәбірленушіге келген залал сомасы – 6,6 млрд теңгеден асып отыр. Кейінгі сот отырысында Қазақстанның бұрынғы басшысы Назарбаевтың келіні болған Г.Сатыбалды өзінің кінәсін мойындамаған еді.