Поляктар қазақ халқына арнап ескерткіш орнатты
Ақмолалық поляктар қазақ халқына арнап ескерткіш орнатты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы ҚазАқпарат порталы таратты.
Шортанды ауданының Петровка ауылында жергілікті поляктардың қазақ халқына алғысы ретінде орнатылған шағын сәулет ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне Қазақстандағы Польша елшісі Селим Хазбиевич, Қазақстандағы поляктар Одағының президенті Екатерина Островская, «Ақмола облысының поляктар бірлестігі» ҚБ төрайымы Наталья Нагачевская, Астана қаласының архиепископы Томаш Бернард Пэта, ҚР Әділет ардагері Павел Трищ, «Teraz Sucholaski» қоғамының төрағасы Богдан Скиба, Ақмола және Қостанай облысының діни қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және Еуразия ұлттық университетінің профессорлары, сондай-ақ Польшадан келген өзге де қонақтар қатысты.
«Бұл естелік сәулет ескерткіші мейірімділік, жанашырлық, адамзаттың қасіретін түсіну сияқты іргелі жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген және бізді еріксіз өткенге оралтады. Сондай-ақ Ұлы Дала елінің тарихын еске салып, ата-бабалардың ең жақсы, асыл дәстүрлерін ұстануға шақырады», - деді «Ақмола облысының поляктар бірлестігі» ҚБ төрайымы Наталья Нагачевская.