Петропавлда сеператизмді насихаттаған топқа қатысты ҰҚК тергеуі басталды
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен әлеуметтік желілерде «Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі» құрылғаны жөніндегі бейнероликті орналастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамдар тобымен сепаратизмді насихаттау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды Arbat.media.
Аталған оқиға болған күні бірден облыстық Полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылып, іс бойынша процесс прокурорлары айқындалған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішінде тінту мен алу жүргізілуде, сондай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етiлуге жатпайды, деді Бас прокуратураның баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі уақытта тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауына алынған. Бұған дейін Петропавл қаласында "Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі" құрылғаны туралы бейнежазба жария болған еді. Араға уақыт салып аталған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы айтылды.