Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің тексеруі нәтижесінде «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директорының орынбасары Бауыржан Мәмбетсапаев өз лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланып, ауыр салдарға алып келгені бойынша күдікке ілініп отыр.
Оған өз лауазымдық мәртебесін пайдаланудан бөлек жұмысқа қабылдау туралы бекітілген қағидаларды өрескел бұзып, өзінің бірқатар таныстарын «Өзенмұнайгаз» АҚ-на заңсыз кіргізген және олардың жұмыс жасамағанына қарамастан еңбек жалақысы аударылғанына байланысты айып тағылып отыр. Қазіргі уақытта ӨМГ компаниясына жұмысқа кіру үшін Жаңаөзен қаласының 9 мыңнан астам тұрғындары кезекке тіркелгені белгілі. Ал таныстарының жұмыссыздар қатарында болмағандарын, тиісті мамандыққа біліктіліктері сәйкес келмейтіндігін және жұмысқа мүлдем келмегендерін Мамбетсапаевтың анық білетіндігі тергеу кезінде анықталды, - деді экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікке ілінген Мәмбетсапаевтың заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 46 миллион теңгеден астам залал келген. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласы тұрғындарының компанияға орналасуына көзделген құқықтарын өрескел бұзылуына әкеп соққан.
Қазіргі уақытат тергеумен Мәмбетсапаевтың басқа да заңсыз әрекеттері, компанияның лауазымды тұлғалардың және мердігер мекемелердің бюджеттік қаражаттарды жымқыру фактілері тексеріліп жатқаны айтылды.